Алматыда соңғы 3 айда Тіл заңын орындамаған 40-қа жуық ірі кәсіп иесіне ескерту жасалып, ұсыным хат берілген. Тіл туралы заңның 21-бабына сәйкес, көрнекі ақпараттар мемлекеттік тілде берілуі қажет. Бірақ мамандар шағын және орта бизнес өкілдері бұл талапқа бағынбай келеді деп, дабыл қағуда. Тілдік құндылықты кәсіпкерлердің шетке ысыруына не себеп? Толығырақ Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт тарқатады.
Ата заңда барлық ақпарат бірінші мемлекеттік тілде, кейін өзге тілдерде берілуі қажет деп айқын жазылған. Десе де бұл заңды әлі күнге дейін білмейтіндер көп, ал бағынбайтын кәсіпкерлердің қатары тіпті мол. «Тіл қорғаны» хабарының кезекті түсірілімінде кездескен кейбір келеңсіздіктер қазіргі қоғамда қазақ тілінің қолданылу деңгейін көрсетті.
Осылай кәсіпкерлер тілге қатысты талапты орындамауын заңбұзушылық деп есептемейді екен. Ал, көрнекі ақпараттарды басып шығаратын баспагерлер мен жарнама агенттіктері сирек тапсырыс берілетін қазақша мәтіндерді қате жазып, мемлекеттік тілге салғырт қарайды. Жалпы шаһарда тілдің ахуалын зерделеу барысында осындай 40 ірі кәсіп иелеріне олқылықтарды түзеуге ұсыным хат берілген. Соның ішінде заңды бұзған шағын және орта бизнес өкілдерінің саны 2 мыңнан асады.
Ел егемендік алғалы 30 жылға жуықтаса да, тіл мәселесі толық шешім таппай отыр дейді мамандар. Ұлт жанашырларының пікірінше «Тілдік заңға» кейбір өзгерістер енгізу қажет.
«Көзбояушылыққа, негізгі жерлерде ғана үлкен әріппен қазақ тілінде жазып қойып, ал шын мәнінде, қазақ тілінің жаңағы қайнаған қазанда қолданылмай жатқанын, тұтынылмай жатқанын көргеннен кейін, оған енді төзе алмай жатқаны рас. Бұл –азаматтық қоғамның талабы. Сондықтан біз сол талапты, мемлекеттік органдар да сол талаптың шешілуіне мүдделі болуы тиіс деп ойлаймын», – деді қалалық Тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығының бас инспекторы Бақыт Қалымбет.
Қалай дегенмен алдағы уақытта мемлекеттік тілдің ахуалын мониторингілеу жұмыстары күшейе бермек. Ал, тілдік құндылықтың түйткілді мәселелерін қозғаған «Тіл қорғаны» хабарын көрермендер «Алматы» арнасында, әр жұма сайын, сағат 18:30-да тамашалай алады.
Аяулым Көлжігіт, «Алматы» арнасы