Қарағандыдағы ферроқорытпа зауытында болған апаттан зардап шеккендер әлі де дәрігерлердің бақылауында. Мамандар «бес адамның жағдайы өте ауыр» деп мәлімдеді. Ал облыс әкімі жауаптыларға жазатайым оқиғаны обьективті түрде тергеуді тапсырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ферроқорытпа зауытында апатты жағдай 2 бұрын болып, 8 адам түрлі дене жарақатын алған. Күйік шалған жұмысшылар пештен жалын атқылаған тұста қашып үлгермеген. Жансақтау бөліміне жеткізілген күннен бастап зардаптың ауырлығы салдарынан әлі де азаматтардың жағдайы оңалмаған. Тіпті зауыт қызметкерлеріне ем-дом жасауға елордадан көмек шақыруға тура келген.
– 8 науқастың алтауы өте ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатыр. Екі науқас ауыр жағдайда блок интенсив терапия бөліміне жатқызылды. Бүкіл науқасқа керек көмек көрсетілді. Астанадан ғылыми зерттеу институтынан бас травмотолог келіп, науқастарды қарап, емдеу шараларына қажетті өзгерісті енгізді, – деді Х. Ж. Мақажанов атындағы Көпсалалы травматологиялық орталықтың басшысы Берік Төлеубаев
Зауыттағы апатқа байланысты қазір «Абайсызда денсаулыққа зиян келтіруге әкеп соққан еңбекті қорғау ережелерін бұзу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бұған дейін оқиға болған жер тексеріліп, куәгерлерден сауалнама алынды.
Айта кетейік, Қарағанды облысының әкімі де зауыттағы апаттың салдарын анықтауға бар күшті жұмылдыру қажет деп мәлімдеді.
– Ферроқорытпа зауытында штаттан тыс жағдай болып, 8 жұмысшы зардап шекті. Қызметкерлердің туыстарымен де жолықтым. Қазір барлығына толық көлемде медициналық көмек көрсетілуде. Дәрігерлермен де тілдестім. Зардап шеккендерге дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Елді елең еткізіп, 8 отбасының асыраушысын апатқа ұшыратқан бұл жағдайға қатысты арнайы комиссия құрылды. Оқиғаның мән-жайын тексеретін топ алдағы күндері техникалық құжаттамамен таныспақ. Іле-шала ақаудың неден шыққаны анықталуы тиіс. Жағдай біртіндеп қалыпқа келгенімен, денесін күйік шалған жұмысшылардың денсаулығы әзірге жақсармай тұр.
Оқи отырыңыз: Қарағанды ферроқорытпа зауытында апат болды