«Бір үй – бір бірлестік» қағидаты Алматыда өз тиімділігін көрсетіп келеді. Бұл – тұрғын жайларды бір жүйеде басқаруға мүмкіндік беретін жоба. Мәселен жыл басынан бері мегаполисте 128 меншік иелері бірлестігі мен 22 көппәтерлі тұрғын үй жай серіктестікке өткен. Бұл туралы қалалық коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының мамандары мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Нәтижесінде тұрғындар қордаланған мәселесін дер кезінде шешіп, сапалы қызметке қол жеткізіп отыр. Бұған дейін жұмыс істеген пәтер иелері копперативінің жұмысына көпшіліктің көңілі толмағандықтан, ол қызметтен бас тартқан.
«БізПИК-тен 2020 жылы бөліндік. Мына жермен адам жүре алмайтын еді. Құрылыстан қалған материалдың бәрі осында жататын. Жігіттер тегістетті. Қараусыз қалған жерді ағаш егіп, абаттандырдық», – деді қала тұрғыны Жұмабек Алтыбаев.
«Тұрғын үйіміз 1997 жылы пайдалануға берілген. Жедел сатымыз апаттық жағдайда болатын. 2 жыл бұрын тұрғындармен келісіп, ПИК-тен серіктестікке өттік. Нәтижесінде замануи құрылғылармен жабдықталған жедел саты 2 аптаның ішінде орнатылды. Бұл тұрғындар үшін өте тиімді жоба», – деді жай серіктестік өкілі Зүлфия Аймұрзаева.