Алматыдағы 57 базардың басшылары бірауыздан 9 маусым күні жұмыс істемейтіндерін мәлімдеді

31.05.2019 23:30

Осылайша, қаланың 35 мыңға жуық кәсіпкері сайлауға қатысады

Алматы тұрғындарына 9 маусымда қаланың ірі базарлары жабылатынын тағы да еске салды. Ол күні кәсіпкерлердің дауыс беруіне мүмкіндік жасау үшін, базарларда санитарлық күн жарияланды. Осылайша, 35 мыңға жуық сайлаушы сайлау учаскелеріне асықпай барып, өз таңдауын жасай алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Бұл ешқандай да күштеу немесе талап емес. Біз жалға берушілер мен қызметкерлерді жинап ақылдастық. Жиналысты кәдімгідей хаттамамен өткіздік және барлығымыз бір ауыздан «дауыс беруге қатысамыз» деп шештік», – деді «Барлық» әмбебап көтерме бөлшек сауда кешені директорының орынбасары Урхан ЮСИМОВ.

Бүгін Алматының 57 базарының басшысы мен қызметкерлері осындай мәлімдеме жасап, алдағы саяси науқанға белсенді қатысатындарын мәлімдеді. Сайлау күні – олар үшін құдды бір күнтізбедегі мерекедей. Кәсіпкерлер отбасы мүшелерімен бірігіп, Президент таңдауға барады. Ел тарихындағы елеулі күні қалыс қалмай, елмен бірге «тұрақтылық үшін дауыс беру маңызды» дейді іскерлер.

«Жалға алушыларымыз біздің өздеріне барынша ыңғайлы жағдай жасауға тырысып жүргенімізді көріп жүр. Және олар бұл бастамамызды қолдады. Саудагерлер тұрақтылықты қалайды», – дейді «Алмалы» базарының директоры Рашид ӨТЕМҰРАТОВ.

«Біздің ұжымымызда 50 жалға алушымыз бар. Ұжымымыз 11 адамнан құралады. 2016 жылдан бастап жұмыс істеп жатырмыз. Біз 9 маусым күні өз еркімізбен сайлауға барамыз», – деді «Саяхат» базарының әкімшісі Алмас АЛДАБЕРГЕНОВ.

Кәсіпкерлер өткенді күрсініп еске алды. Кезінде жағдай жасалмаса да, күнкөрістің қамымен қар мен жаңбырға, аяз бен ыстыққа қарамай далада тұрып сауда жасаған күндерін айтысты. Соның кесірінен көбі денсаулығын да құртқан екен. Ашық алаңқайда саудаласқан тұтынушылар үшін де ыңғайсыз болған. Ал қазір базарлардың жаппай жаңартылып, жұрт үшін жайлы болғанын тіпті шетелден келген кәсіпкерлер де қуана қабылдаған.

«ҚХР-нан келдім, қазір осы «Дәстүр» базарында жұмыс жасап жатырмын. Базар басшылығы бізге 9-ы күні сайлау күнінде демалыс жариялады. Біздің басты мақсатымыз – осы сайлаудың дұрыс, әділ өтуіне үлес қосу», – деді кәсіпкер Салтанат ӨМІРӘЛІ.

«Біздің базар өте жылы, жайлы. Мәселен мұнда сатып алушылар мен саудагерлер үшін барлығы ойластырылған. Бұрынғы жағдайды еске түсіру қорқынышты: біз көшеде тұрдық, тауарларымыз суға батқан күндер болды. Суықта да, ыстықта да сауда жасадық. Қазір бұрынғының жұрнағы да жоқ, базарлар өте ыңғайлы етіп өзгертілді. Жұмысымызға қуана келеміз», – деді кәсіпкер Ольга ДЕРКАЧ.

Осылайша, қаланың 35 мыңға жуық кәсіпкері саяси науқаннан қалыс қалмай, өз таңдауын жасай алады. Іскерлер тұрғындарды келеңсіздікке ұшырамау үшін, алдын-ала қамданып сауданы сайлауға дейін жасауға шақырды.