Қазақстанда қант қызылшасын егу көлемі ұлғайтылмақ

21.07.2022 22:59

Қызылшаны сатып алу құны 30 мың теңгеге көтерілді

dalanews.kz

Қазақстанда алдағы 3 жылда 24 ет комбинаты, 20 сүт өңдеу зауыты, 23 құс фабрикасы салынады. Тағы бір қант зауытын іске қосу жоспарда бар. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл бағытта 22 жоба әзірлепті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сала министрлігі Президент тапсырмасынан кейін білек сыбана кіріскен алғашқы шаруа тәтті түбір алқабының көлемін арттыру болды. Қазақстанда бірер жылда қант қызылшасы дақылдарын егу 60 мың га дейін ұлғайтылады. Бұл жаңа суармалы жерлерді іске қосу есебінен жүргізілмек. Ел диқандарына тағы бір қолдау - қызылшаны сатып алу құны 30 мың теңгеге көтерілді. Бұрындары бұл баға еңбеккерлер шығынын еш ақтамаған еді. 2021 жылы зауыт пен мемлекет бір келі қызылша үшін 20 теңге төлеп келген.

«Биыл шаруаларды қолдау мақсатында мемлекет қант зауыттарына сатып алу бағасын ұлғайтты. Енді зауыт 15 теңге, мемлекет субсидия ретінде 15 теңге төлейтін болады. Осылайша 1 тонна қант қызылшасы үшін шаруалар 30 мың теңгеден алып отырады», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми өкілі Дамир Егізбаев.  

Қазір Қазақстанда іске қосылған жеті қант зауытының төртеуі ғана жұмыс істеп тұр. Жетісу және Жамбыл облыстарындағы өндіріс ошағы жүктеменің 31%-ын ғана жабады. Еліміз 90% импорттық қантқа тәуелді. Демек қант өндірісін 7 есеге, 254 мың тоннаға дейін ұлғайту, қант импортын 32%-ға төмендету жоспарланып отыр.

«Тауар өндірушілерді қолдап қант қызылшасының егістік алқабын көбейту керек. Ол – стратегиялық маңызы бар дақыл. Әр ауылда, әр ауданда, әр облыста жоспарлы түрде егіс көлемі көбейетін болса қосымша жұмыс күші деген сөз», – деді «Атамекен» ҰКП агроөнеркәсіп кешені комитетінің төрағасы Жигули Дайрабаев.

Қазақстан қант саласын жандандыруға қомақты қаржы ресурстарын салып отыр. Министрлік қолға алған шараларды іске асыру бәсекеге қабілеттілік деңгейін едәуір арттыруға мүмкіндік береді дейді. Отандық тәтті өнім өндірушілердің өндірістік қуатын арттыруға да көмек болады деп пайымдайды.

Кәмшат Мұхамеджан, Ринат Өтеев, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы