Алмалы ауданындағы құрылыс компаниялары тұрғын үй кешеніндeгі бірінші қабаттарды халық игілігіне ұсынды

Almaty.tv
Almaty.tv
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев ауданның тыныс тіршілігімен танысып қайтты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Алмалы ауданындағы құрылыс компаниялары тұрғын үй кешеніндігі бірінші қабаттарын халық игілігіне ұсынып отыр. Енді оның бірінде жастар, ал екіншісінде қарттарға арналған жаңа орталықтар құрылмақ. Жалпы көлемі 500 шаршы метрден асатын ғимараттар қала әкімдігінің қарамағына өтеді. Сондай-ақ, қайта кәсібін бастаған кәсіпорындар да қарқын алып, қызу жұмысқа кіріскен. Бүгін Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев ауданның тыныс тіршілігімен танысып қайтты, деп хабарлайды  Almaty.tv тілшісі.

Бұл – Сырбай Мәуленов көшесі бойындағы еңсесі биік, ерекше дизайнмен жасалған 9 қабатты жаңа екі тұрғын үй. Мұнда қазір халықтың жайлы өмір сүруі үшін бар жағдай жасалған. Ауласында заманауи ойын алаңы, 110 көлікке арналған автотұрағы және қасында жекеменшік балабақшасы бар. Бірақ осыдан бір жыл бұрын мұдағы жағдай адам шошырлық жағдайда еді. Алмалы ауданында 134 ескі үй бар. 2 жыл ішінде 17 ғимарат сүрілген.

«Бізде кемшілік өте көп. Біріншіден, жылу жүйесі әлсіз. Жертөле болмағандықтан, коммуналдық желілер жүргізілмеген. Сондықтан тоқ пешін қосуға мәжбүрміз. Су құбырлары да ескірген. Тіпті, ағаш еденіміз өткенде  опырылып, жарықша пайда болды. Бір күні мына үй құлап қала деп қорқамыз», – деді  Алмалы ауданының тұрғыны Элени Хондолиди.                  

«1930 жылдары соғылған үйлер. 90 жылдық үйлер ғой. Кезінде мына ауланың кезіндегі түрі басқаша болған. Мына жердің дауласы басқаша болған. Үйлердің жағдайы өте төмен болған. Кәріз болмаған. Үйдің ішінде газ болмаған», – деді  құрылыс компаниясының директоры Ғабит Маматрайымов.

Алматыдағы ірі құрылыс компаниясы осында қатар тұрған қос ескі үйді сүріп тастап, 1 жыл ішінде жаңа тұрғын үй кешінін көтерген. Ол кезде екі көне тамда бас-аяғы 22 пәтер болған екен. Тұрғындардың жартысы ақшасына келіскен. Ал қалғаны 12 айға пәтерақыға ақша алып, жаңа үйдің салынуын асыға күтіпті. Тағатсыздана тосқандардың әрқайсысына өтемақы ретінде компания жаңа үйден 10 шаршы метрден қосымша берген. Кәсіпкер бұл жобаға 3,5 млрд теңге ақшасын салыпты. Болашақта ол қақаған қыста жылымайтын, іргесі сөгіліп, қабырғасы қақырап, құлауға шақ қалған үйлерді жаңартуды көздейді.

«Негізгі мақсатымыз халықтың ескі үйлерін алып, орнын бұзып, халыққа жаңа пәтер беру. Негізгі мақсатымыз сол. Өйткені бүгінгі таңда 90 жылдық, 80 жылдық үйлерден Алматы қаласында 1340 үй бар», – деді  құрылыс компаниясының директоры Ғабит Маматрайымов.

Құрылыс компаниясы дайын тұрғын үй кешенінің бірінші қабатынан Алматы әкімдігіне 50 орындық мектепке дейінгі мекеме ашуға ғимарат берді. Бірақ қала билігі нысанды басқа мақсатқа қолданады. Бүгін жобамен Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев танысып қайтты.

Алмалы ауданында көп қабатты тұрғын үй кешенін салған құрылыс компаниясы қала әкімдігіне 220 шаршы метр болатын нысанды сыйға тартып отыр. Қолданысқа берілетін  нысанды қала әкімдігі игілікке пайдаланбақ. Олар мұнда жастар орталығын құруды көздейді. Қазір енді қарап отырсаңыздар, кітапхана, коворкинг орталығы, үйірме аумағы және балаларға арналған ойын бөлмесі болады.

Ал мұндағы жаңа тұрғын үй кешенінен қарттарға белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылады. Оны да 516 пәтерлік 6 үй салған компания әкімдікке сыйға тартты. Нысан 70 орынға шақталған. Жалпы аумағы – 317 шаршы метр.

«Мына біздің қазіргі көріп отырғанымыз ғимарат қала меншігіне өткеннен кейін, ол жерде ардагерлерге арнап үйірме  ашуды көздеп отырмыз», – деді  Алмалы ауданының әкімі Бекқали Торғаев.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев төтенше жағдайдан соң қайта жұмысқа кіріскен кәсіпорындарды үнемі аралап, жағдайын бақылап жүреді. Бұл жолы қала басшысы Алмалы ауданында орналасқан еліміздегі ірі май өнімдерін шығаратын зауытқа барды. Жылына 140 мың тоннадан асатын тауар өндіретін мекемеде, басқа өңірлердегі өкілдіктерді есептегенде 2 мыңнан аса адам жұмыс істейді. Бірақ елдегі қиын жағдайға қарамастан, жұмыскерлері аса қысқармаған. Себебі олар шығаратын тауар халыққа қашанда қажет.

«Тұрғындардың сұранысына сай тауарларды шығаратын болғандықтан,  олар карантин кезінде жұмысын тоқтатқан жоқ. Облыста тұратын жұмысшылары болды. Олар қаладан жатақхана тауып, жұмысын тоқтатқан жоқ. Өнімділігін сол қалыпта ұстап отыр. Салық мәселесіне келгенде былтырмен салыстырғанда жоғары болып тұр», – деді  Алмалы ауданының әкімі Бекқали Торғаев.

Ізін ала жаңашылдықты бағалайтын қала әкімі инновациялық дүкенге бас сұқты. Супермаркет карантин кезінде халыққа тегін жеткізу жасаған. Шағын бизнестің ерекшелігі, бағасы арзанырақ, ал басқару жүйесі өзгешерек. Шетелдік тәжірибе негізінде ашылған ондағы басты шарт шығынсыз, тиімді жұмыс істеу.  

Жадыра Омаржан, Қобылан Әлдибеков, Әрсен Сандыбаев, Мұрат Тайжанов, «Алматы» арнасы

Новости партнеров