Алмалы ауданында рейд жұмыстары басталғалы санитарлық талаптарды сақтамаған 40-тан астам нысан жабылған

Алмалы ауданында рейд жұмыстары басталғалы санитарлық талаптарды сақтамаған 40-тан астам нысан жабылған
Алматының дүкендер мен сауда орындары иелеріне талай мәрте ескерту жасалса да, санитарлық ережелер ескерілмейді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының дүкендер мен сауда орындары иелеріне талай мәрте ескерту жасалса да, санитарлық ережелер ескерілмей жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бүгін Алмалы ауданына қарасты рейдтік топ осыған дейін талаптар орындалмаған дүкендерге барып, тазалық жұмыстарын тағы тексерді. Алайда айтылған сөз сол күйінде қалып қойған. Ескертуді елемеген кәсіпкерлерге енді қандай шара қолданылады?

Карантин кезінде қаладағы бас санитар дәрігердің бекіткен қаулысы бар. Шағын және орта бизнес өкілдері сол қаулы бойынша жұмыс істеуі керек. Бірінші:

«Температуралық режим сақталуы керек. Келген қызметкерлердің дене қызуы өлшену керек. Нысандарда залалсыздандыру жұмыстары жүргізулуі керек. Күніне екі рет ауа тазалануы керек. Маскалық режимді қызметкерлердің бәрі сақтауы тиіс. Келушілерде маска болуы керек. Олардың дене қызуы өлшенуі керек. Нысанға кірерде қолды залалсыздандыратын антисептиктер болуы керек», – деді Алмалы ауданы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының жетекші маманы Әсия Жұбаниязова.

Санитар маман нақтылап түсіндіріп берген ескертпелерді елегісі келмейтін дүкеннің бірі осы. Кіре берген сәтте мамандар байқаған ең бірінші қателік – тұтынушылар қызуын өлшейтін тепловизордың жоқтығы. Дүкен иесі оның қуат көзі таусылып қалғанын айтып сылтауратты. Сол аралықта дүкенге қызуы көтерілген тұтынушының кіріп кетпесіне ол кепілдік бере алмады.

Үлкен нысанда кем дегенде 50 қызметкер жұмыс істейді. Санитар мамандар қызметкерлер үшін қосымша маска сұрап еді, қоймадан оншақтысын ғана алып шықты.

«Таңертең бізде 4 қызметкер жұмысқа шығады, одан кейін тағы 5 қызметкер қосылады. Өзіміздің кестеміз бар. Осылайша, жұмысшылар саны көбейе береді. Маска бітіп жатса, жанымызда дәріхана бар, сатып алып келеміз ғой», – деді  дүкен әкімшісі Әлия Дәулетбаева.

Жіпке тізе берсе, бір дүкеннің қателігі жетіп артылады. Тұрғындарды бірінші кезектегі тауарлармен қамтамасыз етіп отырған орын болған соң, мұндағы басшылық бұған дейін де ескертумен құтылыпты.  

Азық-түлік дүкеніне мамандар төтенше жағдай кезінде тексеру жүргізген. Сол кезде де бірнеше олқылықты анықтаған. Бүгін қайтадан тексеру нәтижесінде ол олқылықтардың орны толмағаны анықталды. Яғни, дәл қазір мамандар бұл азық-түлік дүкені болса да, карантин талаптарын толықтай сақтамайынша, жабуға мәжбүр.  

Мамандар тексеріс жүргізген келесі насан – құрылыс материалдарын сататын дүкен. 25 мамырда ашылғаннан кейін алғаш тексеру тобын қабылдаған қожайынға бірнеше ескерту жасалды. Десе де кіреберістегі дезинфекциялық құрылғы және антисептик, тепловизор секілді негізі талаптардың мұнда бар екенін көруге болады.

«Бұл дүкендегі бір қателік –  қызметкерлер медициналық қолғапсыз отыр. Содан кейін пайдаланылған масканы салатын бөлек қоқыс жәшігі болуы тиіс. Біз оны көре алмадық»,  – деді Алмалы аудандық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының орынбасары Гүлшат Өмірбекова.

Бір ғана Алмалы ауданында рейд жұмыстары басталғалы 40-тан астам нысан жабылған. Санитар мамандар індет таралуының алдын-алу үшін көпшілікке күнде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп әлек. Алайда түсіндіруден басқа әркім өз жауапкершілігін де сезіну керек дейді мамандар.

Ұлағат Арғын, «Алматы» арнасы


Новости партнеров