Әйеліне ашуланған алматылық бөтен көліктің терезесін сындырды

29.03.2019 23:00

Ер адамға 481 000 теңге көлемінде айыппұл салынды

Stan.kz

Алматыда бұрынғы әйелімен жанжалдасып, нәтижесінде көлікжайда тұрған көліктердің бірін қиратып кеткен ер адамға 481 000 теңге көлемінде айыппұл салынды, деп хабарлайды қалалық соттың баспасөз қызметі.

Соттағылардың мәліметінше, ер адам сол күні ресми түрде ажырасқан әйелінің үйінде болған.

«Әйелінің телефонынан бейтаныс біреуден хабарлама келгенін көріп қалып, қызғаныштан жанжал шығарып, артынша телефонын тартып алып, оны аулаға лақтырып жіберген. Үйден шығып, сонда тұрған көліктің бірінің кузовы мен әйнегін соққылап қиратып, оқиға орнынан кетіп қалған», - деді соттағылар.

Ер адам сотта кінәсін мойындап, жәбірленуші тараптан кешірім сұрады.

Соттың үкімімен ер адам ҚР Қылмыстық кодексінің 202-бабының 1-бөлігі бойынша («Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдiру») айыпты деп танылып, оған 200 айлық есептiк көрсеткiшi мөлшерінде, 481 000 теңге көлемінде айыппұл жазасы тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.