Көктемнің шуақты мерекесі, халықаралық әйелдері күніне санаулы ғана күндер қалды. Бұл кезде табиғат түрленіп, айнала көріктене түседі. Ал қалада мерекелік қарбалас басталып кеткен сияқты. Себебі көшеде гүл шоғын ұстаған ер азаматтар көп. Ал, гүлдерді сыйлаудың да өзіндік мәдениеті бар екенін білесіз бе? Қазір гүл нарығындағы жағдай қалай? Almaty.tv тілшісі Жанар Ғаниқызы айтып берсін.
Сыйлықтардың ішіндегі ең әдемісі, кез келген адамға тарту етуге болатыны – гүл шоғы. Алайда таңдау жасағанда адамның жасын, жынысын, қызметін, талғамын ескеру керек. Екеуіңіздің араңыздағы қарым-қатынас пен гүл сыйлау себебін де ұмыт қалдырмаңыз. Мамандардың айтуынша, ақ түсті гүл тазалықтың, сыйластықтың белгісі болса, сары түсті гүл денсаулықтың, күлгін түс сенімділіктің, қызыл гүл махаббаттың нышаны.
«Үлкен адамдарға букет берген дұрыс. Оның сырты да бір түсті болғаны жөн. Ал әріптестеріңізге қазір сәнді қораптағы, корзинадағы гүл сыйласаңыздар болады. Жас қыздарға бүрі ашылмаған қызғалдақ сыйлаған абзал. Ақ түсті раушан гүлді анаңызға, әпкеңізге, қарындасыңызға, жеңгеңізге сыйлаған дұрыс деп ойлаймын», – деді флорист Райхан Жылқайдарова.
Әлемде гүлдер тілі деген ұғым бар. Сондықтан мамандардың сөзіне құлақ асқан жөн. Ал Алматыда көктем келісімен гүл дүкендеріне бас сұққан ер азаматтардың саны бірден өскен. Бүгінде көбісінің таңдауы классикаға айналған ақ раушан гүліне түсіп тұр.
БЛИЦ-1: 25 күн бойы іссапарда болдым. Ұшақтан түсе сала осында келдім. Жан жарыма 25 тал ақ раушан гүлін алдым. Әрбір жанында болмаған күнге бір гүлден деуге болады. Бұл екеуміздің арамыздағы сыйластықтың белігісі деп санаймын.
БЛИЦ-2: Сүйікті қызыма. Енді ақ гүл деген сыйластық пен махаббаттың белгісі емес пе? Сол үшін алып жатырмын.
Сұраныс артқандықтан нарықтағы бағаның да өзгеруі заңды құбылыс. Ал гүл сатушылар мерекелік дүрлікпеге қызу дайындық үстінде.
«Бүгіннен бастап сауда 8 наурызға қарсы жақсы болып жатыр. Құдай қаласа, бұдан да жақсы болады деген үміттеміз. Наурыз болған соң енді жұмысы ғой әркімнің. Сәл-пәл қымбаттайды», – деді гүл сатушысы Қажымұқан Әбдіразақ.
Кез келген қарым-қатынаста гүл сыйлаудың өзіндік мәдениетін білгеніңіз жөн. Қай кезде болмасын гүл махаббат пен нәзіктің, сыйластық пен құрметтің белгісі болып қала бермек. Ал, әйел затына гүл беру – ең ерекше ықылас.
Жанар Ғаниқызы, Мұрат Тайжан, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы