Прокуратура, полиция және Алмалы ауданы әкімдігі мамандарынан құрылған мобилді топ тексеріске шықты
Алматыда карантин кезінде пайда тапқысы келетін ойын-сауық орындары азаймай тұр. Тәртіп сақшылары қалада жасырын жұмыс істеп жатқан кафелер мен мейрамханаларды анықтау үшін ауқымды рейд өткізуде. Оған себеп, шаһарда салынған тыйымға қарамастан, кәсібін жалғастырып жатқандар бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Өткен түні прокуратура, полиция және Алмалы ауданы әкімдігінің мамандарынан құрылған мобилді топ тексеріске шықты. Шыққандары сол екен, есігі айқара ашылған кафені бірден тапты.
Полиция өкілдері кафе әкімшісіне карантин кезіндегі тәртіп жайын түсіндірді:
– ҚР Президентінің 2020 жылдың 22 наурызындағы жарлығы бойынша төтенше жағдай енгізілді. Қазір сіз ҚР Әкімшілік кодексінің 476-бабының 6-тармағы бойынша әкімшілік құқықбұзушылықпен тәртіп бұзып тұрсыз. Аталмыш Жарлыққа сәйкес, азық-түлік дүкендерінен өзге мекемелердің бәрі жұмысын тоқтатуы тиіс.
– Бауырым, біз жұмыс істеген жоқпыз...
Ал тағы бір кафенің иесі карантин жарияланды дегенге құлақ аспаған сыңайлы. Көңіл көтеретін орынның ішінде қонақтар толып отыр. Өзін қорғаған кафенің иесі «қойылған шектеу жайлы естімедім» деп ақталды. Кейін сөзінен тайып, есік бұзылып қалды деп әбден састы. Десе де, заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Сондықтан, тәртіп сақшысына елдегі жарияланған төтенше жағдайды тәптіштеп түсіндіруге тура келді.
Нәтижесінде, қос бірдей көңіл көтеру орнының иелеріне әкімшілік хаттама толтырылып, іс сотқа жіберілді. Ал құқық бұзғандарды айыппұл күтіп тұр.
«Төле би көшесінде орналасқан «Хан Кебаб» кафесінің иесі Гасанов Равшан әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Іс материалдары жиналып, сотқа жөнелтілді. Сондай-ақ, Шевченко көшесіндегі «Веселидзе» кафесінде де жауапкершілікке тарттық. Ол бойынша да тиісті құжаттар жиналған соң, істі ары қарай сот шешеді», – деді Алматы қаласы Алмалы аудандық кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің бас маманы Гапур БАҚТИЯРОВ.
Ескерте кетейік, кафелер мен мейрамханалар оқшаулау кезінде тамаққа тапсырысты онлайн қабылдап, үйге жеткізумен айналысуға ғана рұқсат берілген. Сондай-ақ, қауіпті індетті таратпау үшін ірі сауда кешендері, сән салондары, аквапарктер уақытша жабылды. Осы тұста қала билігі ережені сақтап, халықты үйде отыруға шақырады.
Жадыра Омаржан, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы