Алматы облысына қарасты Талғар ауданында жыл басынан бері алимент төлемей жүрген ата-анаға 7 қылмыстық, 15 шақты әкімшілік іс қозғалды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның ішінде 3 іс бойынша сот үкімі шықты. Ал қалғандарына қатысты тергеу жұмысы жалғасып жатыр. Бүгін бала алдындағы жауапкершіліктен қашып, алимент төлемей жүргендерге арнайы жұмыс жәрмеңкесі өтті. Жұмыс іздегендерге автобус жүргізушісі, күзетші, тігінші, дәнекерлеуші секілді бос жұмыс орындары ұсынылды.
«Балалардың құқығын қорғау мақсатында жұмыссыз ата-аналардың балалар алдында алимент төлеу үшін жұмыспен қамту жәрмеңкесін ұйымдастырып отырмыз. Іс-шараның негізгі мақсаты – жұмыссыз борышкерлерді жұмысқа орналастыру және алимент бойынша қарыз сомасын азайту болып табылады. Көп борышкер жұмыссыз. Соған байланысты алимент төлей алмайды. Сондықтан, жұмыспен қамту үшін осындай шаралар өтеді», – деді Талғар аудандық прокуратурасының прокуроры Гаухар Қосқуат.