|
19.09.2021 | 18:01
1153

Алматыда өнер мұражайы ашылмақ

Соңғы үлгі мен ерекше дизайнға сай жасақталатын нысанның құрылысы қараша айында басталады

Алматы - жаңаша инновациялар мен индустрияның қаласы. Әрі елдің мәдени, тарихи шаһары екендігі тағы бар. Келешекте мегаполисімізде саф өнерді дәріптейтін өнер мұражайы ашылмақ. Бүгін Қала күні қарсаңында Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев аталған мәдени мекеннің жобасымен танысып қайтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алматы өнер мұражайы. Бұл тек көркемөнер туындыларының басын қосқан орын емес, жалпы креативті индустрияның жарқын үлгісі болмақ. Себебі мұнда отандық һәм жаһандық өнер иелерінің туындыларымен қатар, әлемдік деңгейдегі кітаптар да ұсынылады. Жалпы ауданы 10 мың 400 шаршы метр болатын ғимарат осылайша жаһандық деңгейдегі көрмелерді Алматыда-ақ өткізуге мүмкіндік бермек. Айта кету керек, монументалды экспонаттарды орнататын уақытша көрмелер залының ауданы 1000 шаршы метр, ал биіктігі 12 метрді құрайды.

Біз келген нысанның аумағын Алматы өнер мұражайына қалалық әкімдік арнайы ұсынған. Жобаның идеясына сай, мұнда «Жасыл Алматы» акциясының негізінде көшеттер отырғызылып, ерекше үлгідегі саябақ жасалады. 1,5 километрлік радиуста көгалдандырылған аумақтың жоқ екенін ескерсек, бұл орын осы шағынаудандағы тұрғындар үшін де, жалпы қала азаматтары үшін де көркем жерге айналады деп күтіліп отыр.  

«Мұнда музыкаға, театрға арналған зал және балалар мен ересектерге арналған оқу бөлмелері, кітапхана, мейрамхана, дүкен және видеозалдар болады», – деді өнертанушы Меруерт Қалиева.

Аталған мұражай әл-Фараби және Назарбаев даңғылдарының қиылысында орналасады. Өнер кешенін жобалау бойынша қызмет көрсететін компания Сан-Франциско заманауи өнер музейі, Бильбаодағы Гуггенхайм музейі, Дохадағы Катар ислам өнері мұражайы мен Лувр орталықтары секілді жобаларда жұмыс істеген. Ал инженерлік шешімдерді жасауға 40 жылдық тәжірибесі бар халықаралық мамандар тартылған.

«Көптеген қазақстандық өнер туындыларын мен шет мемлекеттерде көріп, сатып алып жүрдім. 90-жылдардағы көркемсуреттерді де Париж, Мәскеу төрінде жиі кездестіресіз. Істің басы «Осылардың бәрі неге өз Отанымызда тұрмасқа?» деген ойдан басталған. Ал, мына орынды маған қала әкімі ұсынған еді. Жалпы әу бастағы идеяның өзі мықты болды», – деді кәсіпкер, меценат Нұрлан Смағұлов.

Бірнеше жыл бұрын қоқыс басып жатқан аумақтың ендігіде жаңа мәдениет орны болатынына тұрғындар да қуанышты. Бүгінгі таныстырылымға олар да арнайы келіп, көршілес аумақта бой көтеретін мұражайдың жобасымен танысып қайтты.

«Мына жер тазаланып қалды. Енді мәдениет орны болса, тіпті жақсы болады. Бала-шағаларымызбен қыдырып жүреміз», – деді қала тұрғыны Назым Маманов.

Соңғы үлгі мен ерекше дизайнға сай жасақталатын нысанның құрылысы қараша айында басталады. Көркемөнер туындыларының басын қосқан орын 2023 жылы қолдануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Мадина Оқас, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир