Алматыда түнгі уақытта мотоцикл қозғалысын шектеу қарастырылып жатыр. Оған бұл транспорт иелерінің қала көшелерінде еркін қозғалып, жаңғырған дыбысымен алматылықтардың түн ұйқысын бөлуі себеп болған. Егер тиісті қаулы күшіне енсе, қос дөңгелекті көліктің қозғалысына түнгі сағат 10-нан таңғы 9-ға дейін тыйым салынады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Алматыда 6,5 мыңдай мотоцикл ресми тіркелген. Олардың қозғалысынан түн ұйқымыз төрт бөлінеді деп шағымданатын қала тұрғындарының саны да артқан. Бұл ретте қалалық әкімдік пен Полиция департаменті мотоцикл қозғалысын түнгі уақытта шектеуді ұсынды. Бұл бастаманы алматылықтардың басым бөлігі қолдап отыр.
«Түнгі сағат 11-ден кейін адамдар демалады, ұйықтайды. Олар дарылдатып, ұйқы да, маза да бермейді. Сондықтан осы шешім өте дұрыс болды», – дейді қала тұрғыны Темірхан Қаптағаев.
«Мен тұратын үйдің көшесінде мотоциклдер көп жүреді. Кешкі уақытта, әсіресе, адамның ұйқысын бұзады. Адам жақсы ұйықтап тұруы керек», – дейді тағы бір тұрғын Қосай Айтбек.
Ал қос дөңгелекті көлік иелерінің бұған өз уәжі бар. Айтуларынша, егер мұндай қаулы күшіне енсе, олардың құқығы тапталады. «Шулап жүрген біз ғана емеспіз» деген байкерлер өз петициясын құрмақ ниетте.
«Дыбыстық режимді тек байкерлер бұзады деу миға сыймайтын нәрсе. Бізде басқа да ерекше транспорт түрін тізгіндеген тұрғындар көп. Онымен қоса, арнайы қатты шулайтын техникалар да бар. Онда оларға да тыйым салынсын. Мегаполисте толығымен тыныш болуы мүмкін емес. Мұнымен әркім жеке күресуі керек», – дейді қала тұрғыны Иван Невьянцев.
Қалалық мобилділік басқармасының бастамасымен бұл мәселені «Көлік және коммуникация Ғылыми зерттеу институты» жан-жақты зерттеп көрді. Орта есеппен әрбір мотоциклдің дыбыс деңгейі 81 мен 89 децибел арасында екен. Ғалымдар бұл адамның жүрек қағысын жиілетіп, қан қысымын көтереді және есту шегін төмендетеді деген тоқтамға келген.
Мотоциклдің дыбыс деңгейі бір тәулік бойы магистралды жолдар мен ашық және жабық терезелері бар бөлмелерде зерттелді. Автокөлік түрлерінің ішіндегі ең шулысы – жүк көлігі мен мен мотоциклдер. Олар адам ағзасына теріс әсер етеді.
Айта кететіні, тұрғын үй-жайларда тіпті рұқсат етілген нормадан асатын қысқамерзімді қатты дыбыс деңгейі адамға теріс әсер етуі мүмкін. Әсіресе, қарт адамдар мен кішкентай балалары бар отбасыларға зиян.
Институт ғалымдары қос дөңгелекті көліктің қатысуымен болатын жол-көлік апатының жиілеп кету дерегін де негізге алды. Мәселен, соңғы 4 жылда мотоцикл салдарынан болатын өлім-жітім саны 5 пайыздан 8 пайызға артқан.
Айта кетсек, жаңа қаулы қазір Ашық нормативтік құқықтық актілер порталында талқыланып жатыр. Әрбір азамат сайтқа кіріп, өз пікірін бөлісе алады. Дауыс беру 12 қазанға дейін жалғасады.
Сымбат Ноғай, Жасұлан Өмірзақов, «Алматы» телеарнасы