Өртті жоюға 110 адам, 23 техника мен 1 тікұшақ жұмылдырылды
«Алматыда отқа оранған қоймаларда тауары сақталған кәсіпкерлерге көмек көрсетіледі». Сауда орнының әкімшілігі осылай деді. Әзірге өрттің неден тұтанғаны белгісіз, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматыда 7 кәсіпкердің жиған-тергені 10-15 минуттың ішінде күлге айналды. Жалғыз табысынан айырылған жұрт «өтемақы өтеле ме?» деп таң атқалы базар маңында жүр.
– Отбасымда менен басқа жұмыс істейтін адам жоқ. Әкем мен шешем, 3 балам, әйелім бар. Жұмыссыз қалдық, шынында, ақшасыз отырмыз. Ертең не болады, білмейміз. Жиналысқа барып көреміз, – деді кәсіпкер Зейін Ақанұлы.
– Сағат 12:00-де базар әкімшілігі шақырды. Шығын өтеу мәселесі қарастырылады. Өз шығынымды санап келдім, – деді кәсіпкер Жанна Дуанаева.
Уәде етілген жиналыс болды. Базар әкімшілігі кәсіпкерлермен ортақ шешімге келгенін айтты. Оқиғаның мән-жайы анықталғанға дейін зардап шеккендерге көмек көрсетіледі.
– Өрттің себебі анықталғанша кәсіпкерлерге басқа қойма беріледі. Олар бүгін шамамен қанша шығынға батқанын айтты. Мұның бәрі әлі де есептеледі. Қолдау көрсетеміз. Өрт жалға алушылардың қателігінен де шығуы мүмкін, – деді сауда орталығы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Болат Қожақов.
Қызыл жалын 2300 шаршы метр аумақты шарпып үлгерген. Төтеншеліктер оқиға орнында жұмыс істеп жатыр. Өртті жоюға 110 адам, 23 техника мен 1 тікұшақ жұмылдырылды. "Қазавиақұтқару" тікұшағы өрт ошағына әуеден алты мәрте су төккен. Алайда тілсіз жау туралы хабар кеш жеткендіктен, қызыл жалын айналасына тез тараған. Оны сөндіруге қоймадағы тұтанғыш заттардың көп болуы да кедергі келтірген.
– Құқықбұзушылықтың болмауын қамтамасыз ету бойынша Полиция департаменті, Ұлттық гвардия, СОБР қызметкерлері жұмылдырылды. Өрт күрделі болып саналады. Бір жарым сағатта оқшауланды. Түнімен өрт сөндірушілер оқиға орнында болды. Үйінділерді қопарып, тез жанғыш заттардан тазартты, – деді Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Гүлдана Нұрымбетова.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, күні кеше отқа оранған қойманың бой көтергеніне көп уақыт бола қоймаған. Ал мұндағы басқа сауда орындарындағы өрт дабылы жүйесіне бұған дейін тексеріс жүргізілген.
Гүлмарал Изатқызы, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Қырғызстанда сел ағызып әкеткен адамдардың денесі Өзбекстаннан табылды