Үй іргесіне салынған газ құю стансасы мен жанар-жағармай бекеті Қосшы тұрғындарының наразалығын тудырды

Almaty.tv
Almaty.tv
«Газға тұншығып, денсаулығымыз нашарлады, көліктердің гүрілінен шаршадық»
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақмола облысына қарасты Қосшы кентіндегі «Нұрай» тұрғын үй кешенінің тұрғындары үйінің іргесіне салынған көлікке газ құю стансасы мен жанар-жағармай бекетіне шағымданды. Мұндағы жұртшылықтың сөзінше, газ құю стансасының жанында жол-көлік оқиғалары жиі орын алады. Үйде қауіптеніп отыру бір бөлек, үйімізге жету үшін жолды кесіп өтуге де қорқамыз дейді. Мәселенің мән-жайын Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек анықтап көрді.

Тұрғындардың сөзінше, бірнеше жылдан бері газға тұншығып өмір сүріп жатыр. Терезелерін ашып, желдетуден қалған. Өйткені газ бен бензиннің иісі үйдің ішін алып кетеді дейді. Тіпті, балаларының басы айналып, денсаулығына зиян келтіріп жатқанын ашына айтты.

«Мына бензобактар тура менің тереземнің түбінде мысалы. Таңертең жаздың күні терезені ашу мүмкін емес. Терезені ашсаң, бензиннің иісі шығады. Одан қалса, шудан баланы ұйықтата алмайсың», – деді Қосшы кентінің тұрғыны Айболсын Исламбекова.

Тұрғындар аялдамаға жету үшін газ құю станциясының алдынан өтуге мәжбүр. Өйткені жаяу жүргіншілерге арналған жол жоқ. Ал газ құю станциясы қиылыста тұр. Бұл жерде көлік ағыны қатты. Балаларымыз сабақтан келе жатқанда, бір күні көлік қағып кете ме деп алаңдап отырамыз, дейді халық.

Тұрғындар бұл жерде апат жиі болатынын айтады. Мәселен, жақында жанар-жағармай бекетінде көлік аударылып қалған.

Айдың аманында жарылыс болып, үйіміздің күл-талқаны шықса, кім жауап береді деп күйінеді жұртшылық. Ал, жанар-жағармай стансасының басшысы үйді салған компанияны кінәлап отыр. Өйткені алдымен өзінің нысаны бой көтерді дейді.

«Асқар Мұнай Трейд» жанармай бекеті 2016 жылы салынған. Барлық рұқсат құжаттары бар. Барлығы ресми түрде рәсімделген. Бұл тұрғын үй кешені кейінірек салынды», – деді «Асқар мұнай трейд» ЖШС директорының орынбасары Диас Жұматаев.

Газбен қамту бекетінің өкілдерді де құжаттарымыз қолымызда, ешқандай қауіпсіздік талаптарын бұзып отырған жоқпыз деп ақталды.

«Бұл жанар-жағармай бекеті 2016 жылы пайдалануға берілді.  Тұрғын үй кешені жұмысы сәл кейінірек қабылданған болуы мүмкін. Біз оны іске қосқан кезде ол өрт қауіпсіздігінің барлық нормаларына сәйкес келді және қазіргі уақытта да сай келеді», – деді «АВТОГАЗ ТРЭЙД. GASENERGY» ЖШС қауіпсіздік жөніндегі инженері Алтынбек Салмырзаев.

Ал, үйді салған мердігер компанияның өкілдері керісінше, құрылыс басталғанда жанар-жағармай стансасы болмағанын айтады.

«Бұл жер участкесі 2011 жылы алынды. 2014 жылы оның мақсаты өзгертілді, яғни басында коттедж қалашығы салынуы тиіс еді. 2014 жылы тұрғын үй кешенін жобалау басталды. Барлық өкілетті органдардан келісім алынды. 2015 жылы мемлекеттік сараптама берілді. Осы жылы құрылысты бастап кеттік. Ал 2018 жылы пайдалануға бердік», – деді құрылыс компаниясының өкілі  Данияр Омарханов.

Төтенше жағдай министрлігіндегілер жанар жағармай бекеттері мен тұрғын үйлердің арасында сақталуы тиіс талапты былай түсіндіреді.  

«Өрт қауіпсіздігі ережелеріне сәйкес тұрғын үй алаптары мен жанар-жағармай бекеттерінің арасындағы арақашықтық егер де ол тек қана жанармай құятын бекет болса, 25 метрден кем болмау керек, ал егерде газ отынын құятын бекет болса, онда ең аз арақащықтық 60 метрден кем болмауы керек. Егер бұл жүк көліктеріне арналған бекет болса, арақашықтық екі есе көбейтіледі», – деді ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли.

Тұрғындардың сөзінше, шағымданып отырған бекетте жеңіл көліктерден бөлек ауыр жүк көліктері де жанар-жағармай құяды. Яғни, ережені сақтап, оны қадағалап отырған ешкім жоқ. Ал, соңғы 5 жылда елімізде жанармай құю бекеттерінде 5 өрт жағдайы тіркелгенін айта кетейік. Оның соңғысы өткен жылы Атырау облысында болған газ бекетіндегі жарылыстан 1 адам мерт болып, 3 адам жарақат алған еді.

Асылбек Тойбек

Новости партнеров