Қазақстанда ұрланған 40 мың 300 көліктің 60-тан астамы ғана шетелден қайтарылған

Қазақстанда ұрланған 40 мың 300 көліктің 60-тан астамы ғана шетелден қайтарылған
Ол туралы Парламент Мәжілісінің отырысында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев айтты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

15 жыл ішінде Қазақстанда ұрланған 40 мың 300 көліктің 60-тан астамы ғана шетелден кері қайтарылған. Ол туралы Парламент Мәжілісінің отырысында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның сөзінше, мәселенің өзектілігін жоймауына сұрау салу нормаларында кемшіліктер бар. Осы кемшіліктерді жою үшін құжатқа жаңа нормалар енгізілмекші. Осыған орай, бүгін Мәжіліс депутатары «2005 жылғы 25 қарашадағы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің автокөлік құралдарын жымқыруға қарсы күрестегі және оларды қайтаруды қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісімге өзгерістер енгізу бойынша хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.

«Еуразиялық Экономикалық одаққа кіретін мемлекеттер арасында ортақ кедендік шекара бар. Көліктер тексерілмейді. Сондықтан осы көліктерді бақылап, ақпарат алмасу үшін бұл хаттама қажет. Өткен жылдың сәуір айында осы заң жобасы Парламентте қаралған болатын. Бірақ бір норма кірмей қалғандықтан, кері қайтарылды», – деді ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.

Депутаттар көліктің VIN-кодын заңсыз алып, басқа көлікке қойып сататын алаяқтықтармен күрес жүргізілмей жатқанын айтты. Бұл ретте Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматуллин көлік ұрлау схемасында ішкі істер органдарының қызметкерлерінде болатынын ескертіп, мәселені шешуді сұрады. Тіпті осы жүйенің «басында» отырғандардың орнына басқа заңды орындайтын азаматтарды отырғызуды тапсырды.

«Кешіріңіз, бұл қылмыс погон таққандарсыз жүзеге аспайтыны белгілі. Қазақстанда да, шетелде де. Бізде ұрланған көліктерді осылай сатады: бізден оларға, олардан бізге. Көбіне бұл шекаралас мемлекет болған соң Ресеймен аралықта жиі тараған. Сіз айтқан схемадағы маңызды жайт: VIN-кодты алу. Сөйтіп, көлікті «заңдастырып» алады. Ешкім ұрланған көлікті кеден арқылы рәсімдеп өткізбейді. Бұдан басқа схемасы бар. Олар Ресейде жоқ көлікті рәсімдейді, ол Қазақстан Республикасынан ұрланбайды. Олар ішкі істер органдарынан сол VIN-кодты алады, әдейі тапсырыс береді», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин.

Новости партнеров