ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев: Есіл ерлердің есімі мәңгі жүрегімізде!

29.08.2021 23:01

Батырлардың бейнесі келер ұрпаққа үлгі болып, есімдері ешқашан ұмытылмайды

сурет: Inform.kz

ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Жамбылдағы жарылыстан қаза болған азаматтардың жанұясына қайғырып көңіл айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.  

«Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының жеке құрамы және өз атымнан Жамбыл облысы Байзақ ауданында орын алған әскери қоймадағы өрт кезінде қаза тапқан әскери қызметшілер мен құтқарушылардың отбасы, туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын.

Қатардағы сарбаздар мен төтенше жағдай қызметкерлері бізге жат емес. Олар басын бәйгеге тігіп, адамдарды құтқарады. Тәуекелге бел байлап, тілсіз жаумен күреседі.

Күні кеше орын алған қайғылы оқиға барша қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырды. Қайсар қызметкерлер қарапайым азаматтарға қорған болам деп қапыда қыршын кетті.

Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін өжеттік танытып, өмірін қиған есіл ерлердің есімі мәңгі жүрегімізде. Батырлардың бейнесі келер ұрпаққа үлгі болып, есімдері ешқашан ұмытылмайды», – деді ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.

Айта кетейік, ҚР Президентінің Жарлығымен 29 тамыз – Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.