ШҚО-да жесір әйелді марқұм күйеуінің інісі зорлаған. Қайнысы бұған дейін сотты болған, есірткіге тәуелді және АИТВ инфекциясы бар екен. Жасаған ісі қылмыс емес, отбасылық-тұрмыстық дау түрі деп істі қозғамай жатып, жауып тастаған. Сұмдық оқиғаны «НеМолчи» қорының басшысы Дина Смаилова айтып берді.
«Өскеменнен 110 шақырым қашықтықта тұратын жас әйел күйеуі қайтыс болғаннан соң, марқұмның туысқандарына кіріп шығуға қалаға барады. Таңғы сағат 4-тің шамасында әпкесінің жұмысқа кеткенін күткен інісі өз жеңгесіне шабуыл жасайды.
Ер адам бұрын сотталған, жазасын өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған, пробация қызметінің бақылауында, одан бөлек, есірткіге тәуелді, әрі АИТВ инфекциясы бар болып шықты. Қатты затпен немесе жұдырығымен ұйықтап жатқан жесірді ұрып, зорлауды бастайды. Соққының тиген жері қан жоса болып, өз қанына тұншыққан жеңгесі есеңгіреп, қатты аурудан жан ұшыра айқайлайды.
Қараңғы далада өзінің бұл жағдайын ешкім көрмейтінін айтып, тоқтамастан жылап, аяушылықпен босатуын өтінеді. Сырт киімсіз, ақша не телефоны жоқ әйел түн ішінде дүкендердің біріне келген. Алайда қанжоса болған әйелді сатушы сыртқа шығарып жібереді.
Жесір әйелге тек сыртта кездейсоқ жүргінші кездесіп, қайын әпкесін және полиция мен жедел-жәрдем шақыруына көмектеседі. Аурухана қызметкерлері науқастан бас сүйек-ми зақымы мен бірнеше сынықты анықтайды. Ал, полиция қызметкерлері не істеді? Шақырылған жерге жедел топты, сәйкесінше, криминалисті де жібермеді. Қазірге дейін қан іздері бар төсек жабдығын да, жәбірленушінің диагноздарын да алдыртпаған. Тіпті, бұл істі отбасылық – тұрмыстық дау деп жаба салған», – деген құқық қорғаушы қылмыскерлердің де бостандықта жүргенін айтады.
Дина Смаилова құқық қорғау органдарының осыған ұқсас қылмыстарға ат үсті қарайтынын түсінбейтінін айтты.
«Пробация мен полиция қызметінің не керегі бар? ШҚО-да жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған педофилдер көптеп кездеседі және олар да пробация қызметінің қарамағында. Қылмыскерлерді жағалай жазасыз жіберген олардың кәсібилігіне қалай сенуге болады? Бұл нәрсеге кім жауап береді? ҚР Бас прокуратурасына, ІІМ вице-министрі Жақыповқа осы іс бойынша шағым-өтініштерімізді жолдағанбыз. Бірнеше құқық бұзушылықтың табылғанын ескертіп жауап та келді. Алайда, баяғы жартас – сол жартас. Іс қозғалмаған, қылмыскер бостандықта», - деп баяндады Дина.