Абай облысындағы өрт: әскери ұшақтар 3500 тоннадан астам су төкті

22.06.2023 23:02

Ұшқыштар аймақта сағат сайын кезекшілікте болып, қызмет еткен

Almaty.tv

Абай облысындағы орман өртін сөндіру кезінде төтеншеліктерден бөлек, әскери бөлім ұшқыштары да көмекке келгені белгілі. Соның бірі Жетіген горнизонында орналасқан авиациялық база. Олар әскери аймақта сағат сайын кезекшілікте болып, қызмет етті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Өртті сөндіруде жұдырықтай жұмылып, көппен бірге атсалысты.

Алматы облысындағы әуе базасына 9 маусым күні кешкілік дабыл келіп түскен. Хабарламада Семей орман резерватындағы өрт өршіп, дес бермей бара жатқандығы айтылады. Әскерилер шұғыл дайындалып, жолға шыққан.

«Техникалық құрам, ұшқыштар құрамы бәрін қосқанда 19 адам болып бардық. Кешкі сағат 19:00-де ұшып келдік. 10 маусым таңғы 06:00-ден екі тікұшақпен өрт сөндіру жұмысын бастадық», – дейді 53/975 Әскери бөлім командирінің орынбасары, подполковник  Ерлан Мырзалин.

«Біз өрт болған кезде болмағанбыз, өрт сөндіру төтенше жағдайына бірінші рет атсалыстық. Таңғы 06:00-ден кешкі 21:00-ге дейін экипаждар ауысады. Үш экипаж болып жұмыс істедік. Үлкен жұмыс атқардық. Қойылған мақсаттарды орындадық деп ойлаймын. Ертіс өзенінен қатты ағыннан су алу қиын болды», – дейді 53/975 Әскери бөлімнің ұшқышы Асхат Тезекбаев.

Апатпен алысқан кезде дәл осы «беймби» деп аталатын өрт сөндіру құралы қолданылған. Мұның өзеннен 5 тоннаға дейін су алып, діттеген жерге жеткізетін мүмкіндігі бар.  

«Біз Ертіс өзенінен 3 тоннаға дейін су алдық. Ол жердегі ағыстың қатты болуы және желдің қатты болуы тікұшаққа және экипаждарға біраз кедергілер келтірді. Суды алғаннан кейін өрт ошағына 7-8 минутта жетуге болады», – дейді Авациялық қару-жарақ және десанттық көліктерде қызмет көрсету тобының аға технигі Балаби Молдақұлов.

Әскери ұшқыштар үшін ең қиыны – бір мезетте 15 тікұшақтың бір төңіректі айналып жүргенінде. Аспан ашық болса бір жөн. Олай емес. Өрттен шыққан қара түтін көкті түгелдей тұмашалап алған. Нысанаға шабуыл жасау бір басқа, ал суды өзеннен дұрыс алып оны өртенген аймаққа апару мүлде басқа жайт. Ел қорғандары осынша қиындықты сәтті еңсеріп шықты.  

Ұлағат Арғын, Мейрам Исабеков «Алматы» Телеарнасы