Қорықшы Қаныш Нұртазин мен Самат Оспанов мемлекеттік наградамен марапатталды

25.07.2019 23:02

Президент 43 жасында қайтыс болған Қаныш Нұртазиннің отбасына қажетті көмек көрсетілетінін айтты

Браконьерлер қолынан қаза тапқан қорықшы Қаныш Нұртазин мен ауыр жарақат алған әріптесі Самат Оспанов мемлекеттік наградамен марапатталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған қаулыда марқұм Қаныш Нұртазинді «қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін» бірінші дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталсын делінген. Ал қазіргі кезде Көкшетау ауруханасында ем алып жатқан Самат Оспанов екінші дәрежелі «Айбын» орденіне лайықты деп танылды,  деп хабарлайды  Almaty.tv тілшісі.

Мемлекет басшысы «Туиттер» парақшасында қос қорықшының ерлігін жоғары бағалады. Президент сондай-ақ 43 жасында төрт баласы жетім қалған Қаныш Нұртазиннің отбасына қажетті  көмек көрсетіліп, оның ел жадында мәңгі қалатынын жазған.

Ал  бүгін марқұм Ерлан Нұрғалиевтің де жақындары үндеу жасады. Қарағанды облысы Нұра аудынында браконьерлердің қастандығынан кейін мерт болған азаматтың досы әрі отбасының ресми өкілі Ғалымжан Тәуекелов  адам өлтіріп, заңсыз аңға шыққандар  ірі қылмыстық топтың  мүшелері деп мәлімдеді. Тәуекеловтың айтуынша, «адам жанын қиғандар аңшылыққа кеше келгендер емес, ермек үшін жүргендер де емес. Олар ақбөкен мүйізін сауда үшін шетел асырып, жасыл қағазды сытырлатып санап алатын браконьерлер». Күштік құрылымдарынан істі әлі де анықтауды сұраған ол тергеу барысына көңілі толмайтынын айтты.

«Тергеу аяқталды. Ерланды өлтірді деген күдікпен екінші көлікте келе жатқан үш адам ұсталған, ал бірінші көліктегі төрт азамат заңсыз аңға шыққандары үшін ғана  жауапқа тартылмақ.  Киіктерге  нақты  осы төрт адамның қаруынан оқ атылған. Дегенмен, басында оларға бұлтартпау шарасы қарастырылса да, соңында олар кепілмен  бостандыққа шыққан», – деді марқұм Е. Нұрғалиевтің досы Ғалымжан ТӘУЕКЕЛОВ.