Тұрғын үй кешеніндегі келіспеушілік

07.10.2022 23:02

Осыдан 2 ай бұрын ондағы жұрт наразылыққа шығып тұрғындардан құралған қауымдастық төрайымының қызметтен кеткенін талап еткен еді

Almaty.tv

Алматыдағы тұрғын үй кешеніндегі дауға қатысты қылмыстық іс тіркелді. Айта кетсек, осыдан 2 ай бұрын ондағы жұрт наразылыққа шығып тұрғындардан құралған қауымдастық төрайымының қызметтен кеткенін талап еткен еді. Бүгінде оқиғаның мән-жайын Бостандық ауданының тергеу бөлімі зерттеп, егжей-тегжейлі тексеру жұмысын жүргізіп жатыр. Бұл туралы Полиция департаментінің ресми өкілі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алматыдағы тұрғын үй кешенінің жұрты: «Бұл құжатқа біздің орнымызға кім қол қойғанын әлі күнге дейін білмейміз»,  дейді.

«Менің анам дүние салғалы 4 жыл өтті. Пәтер қазір менің атымда. 2019 жылдан бері заңды иесі - мен. Бертін келе марқұм анам қол қойған құжатты көремін. Бұл қалай? Қалай түсінсе болады?» – деді қала тұрғыны Владимир Буряков.

Тұрғындардың сөзінше, ай сайын алынатын төлемнің, яғни жиналған қаражаттың қайда кетіп жатқаны да белгісіз. Мәселен, тұрғын үйде 2010 жылдардан бері тұратын Серік Алыбаев бұған дейін бір де бір жиналыс болмағанын айтады.

«Ай сайын бізге жауап беру керек. Қанша ақша жиналды, қайда оны жұмсадық дегендей. Бірақ ондай жиналыс жасап, мен қанша жыл осы жерде тұрамын, бір жиналыс өткен жоқ. Қайда ақша жұмсалып жатыр, не істеп жатыр екен? Ешкім ештеңе білмейді», – деді қала тұрғыны Серік Алыбаев.

Ақшаны тұрғын үй кешенінің кем-кетігін жөндеуге жинайды дейді тұрғындар. Бірақ, көпқабатты үйлердің сырты бүтін болғанмен, көлік тұрағы мен дәліздердің сапасы сын көтермейді деді. Айтуларынша, толассыз жауында су ішке өтетін көрінеді.

Тұрғындар «бұлай жалғаса берсе үй опырылып түсуі мүмкін» деп алаңдайды. «Былыққа тойдық» деген жұрт еш нәтиже болмағандықтан полицияға жүгініп отыр.

«Аталмыш дерек бойынша сот алды бірыңғай реестрінде ҚК 385-бабы бойынша қылмыстық іс тіркеліп, қазіргі таңда өндіріс тергеу бөліміне тапсырылды. Қылмыстық іс аясында тиісті сараптамалық зерттеулер тағайындалып, нәтижесінде процессуалдық шешім қабылданатын болады», – деді Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Ал жұрт шағымданып жүрген тұрғын үй кешенінің басшысы өз пікірін білдіруден бас тартты. Енді істің ақ-қарасын полиция анықтайды. Олар «Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу» дерегі бойынша оқиғаның мән-жайын зерттейді.

«Мүлік иелері бірлестіктің төрағасын өздері сайлауға толық құқылы. Егер басқарып отырған адам орнынан кетуден бас тартып, заңды тұлғаға арналған мөрді тапсырмаса тұрғындар оны сотқа бере алады», – деді қалалық Әділет департаменті басшысының орынбасары Зәуреш Сәтхожина.

Әділет департаменті өкілдерінің сөзінше, мүлік иелері бірлестігі болсын, пәтер иелерінің кооперативі немесе қарапайым серіктестік болсын қауымдастықты басқарған адам бірқатар талаптарды сақтауы тиіс. Көптің атынан шешім шығармас бұрын тұрғындарды хабардар етуі міндетті екенін мәлім етті.

Оразай Нұртай, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы