Қостанай облысына Алматыдан аттанған гуманитарлық көмек бүгін діттеген жеріне жетті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алты жүк көлігінде азық-түлік, тұрмыстық техникалар, құрылыс материалдары, гигиеналық заттар мен мектепке қажетті құралдар бар. Сондай-ақ онға жуық ерікті де арнайы барған. Олар салмағы 120 тонна болатын Алматының аманатын көмекке мұқтаж жандарға таратады.
«Қазіргі таңда еріктілердің күшімен бүгін, ертең, барлық жұртшылыққа жеткізіп, табыстап үлгереміз деп ойлаймыз. Өйткені бізден бөлек, мұнда жергілікті еріктілер де бар екен. Сондықтан да көп болып бірігіп, гуманитарлық көмекті тиісті жерлеріне жеткіземіз», – деді Алматы қаласы «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Әкежан Кеңесов.
Жүк көлігіне тиелген заттарды Алматы жұртшылығы Қостанай облысында өрттен зардап шеккен ағайынға арнайы жөнелтті. Қалалық «Аманат» партиясының бастауымен 120 тонна нағыз қажетті заттарды мегаполис тұрғындарынан бастап, қаланың кәсіпкерлері жинап берді. Айта кетейін, Қостанай облысындағы жұртқа жылу ретінде әр өңірден осындай көмектер келіп жатыр. Әзірге Аманқарағай ауылында гуманитарлық көмек қабылдайтын 2 орын ашылған. Ал Әулиекөл ауылында осындай 3 арнайы орын жұмыс істеп тұр.