Түрксіб ауданында "Ескі үйді сүру" бағдарламасы бойынша 508 үй сүрілуі керек
Тұрғындардың айтуынша, бұл жер бірнеше жыл бойы жөндеу көрмеген. Дегенмен тұрғындардың өздері әупірімдеп жүріп жөндеу жұмыстарын жасауға тырысып жатса керек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Түрксіб ауданына қарасты бірнеше үйдің тұрғындары Пәтер иелері кооперативінің жұмысына көңілдері толмай отыр. Жөндеу жұмыстары жасалмайды, ақшамызды желге шашып жатырмыз деп налыды.
«Олар 32 үйге қызмет көрсетеді. Бірақ олардың жағдайы мүшкіл. Ешқайсысына қарамайды. Шатыры мен едені тесік, балалар алаңы да ескі», – дейді Пётр ГЛАЗ есімді тұрғын.
Осы мәселемен олардың бармаған жері, баспаған тауы қалмаған. Талаптары – басқа ПИК-ке ауысу. Ал аудан әкімдігі бізден қайыр жоқ, ПИК басшысын тұрғындардың өздері таңдауы керек дейді.
«Заң бойынша тұрғындардың өздері Пик төрайымы мен ұжымын жиналыс өткізіп, өздері сайлайды. Біз халықпен кездесуге келеміз. Өз пікірімізді айтамыз. Басқа ПИК ұжымына өтеміз десе, қайсысы жақсы немесе қалай ашу керек жолдарын айтып береміз», – дейді Алматы қаласы Түрксіб ауданы коммуналдық-шаруашылық бөлімінің басшысы Айдос БЕКЕТАЕВ.
Ал бұл тұрғын үйлерге қызмет көрсететін «Сейпа» пәтер иелері кооперативі төрайымының айтар өз уәжі бар. Үйді ұстау шығындарын тұрғындар төлемейді екен. Салдарынан аумақты тазалау, апаттық жағдайларда қызмет көрсету шығындарын өзге үйдің шотынан алып отырған көрінеді.
«Мен бұл үйлерді қарызымен қабылдап алғанмын. Жағдайлары да жаман еді. Пәтер иелері кооперативіне кіретін үйлердің барлығы ескі үйлер екенін айта кету керек. Тұрғындар үйді ұстау қызметіне төлегісі келмейді. Ал аулаларды тазалау, апаттық жағдайлардағы шығындар секілді қызметтерді төлеп отырмыз. Тұрғындар «Сейпа» пәтер иелері кооперативінен шығамыз деп шағымданып отыр. Ол өздерінің таңдауы. Алайда осы ПИК алдындағы қарызын төлегеннен кейін ғана шығуы керек», – деді «Сейпа» ПИК төрайымы ОЛЬГА КОРШУНОВА
Айта кетейік, Түрксіб ауданында Ескі үйді сүру бағдарламасы бойынша 508 үй сүрілуі керек. «Сейпа» пәтер иелері кооперативі қызмет көрсететін 30-дан астам тұрғын үй де осы тізім арасында. Алайда оның қашан сүріліп, жаңа пәтерлердің қашан берілетіні әзірге белгісіз.
Азамат Әуезхан, Қанат Кигізбаев, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы