Бір айда штабтың қоғамдық бөлімшесіне 1500-ден астам ұсыныс-тілектер келіп түскен
Қоғамдағы этносаяси тұрақтылықты сақтау – ел мұраты. Бүгін Алматы қаласының этномәдени бірлестіктерінің бірыңғай республикалық күні болып өтті. Түрлі ұлт өкілдері бұл шараны ел Президенттігіне үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау үшін ұйымдастырған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Біз кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлының платформасымен жақсы таныспыз. Сайлауалды бағдарламасының 170 бөлімшеден тұратынын да білеміз. Онда қоғамдық келісім, конфессияаралық келісім туралы және маңызды бағыттардың бірі әлуеметтік келісім туралы жан-жақты айтылған. Өзге де үміткерлердің бағдарламасын оқып-білдік. Олардың да өз саласын қамтыған тұстары бар. 9 маусым күні әркім өз таңдауын жасайды деген ойдамыз», – дейді Қазақстан орыс мәдени орталығының жетекшісі Всеволод ЛУКАШОВ.
Ал Нұр Отан партиясы Алматы қалалық филиалында Президенттікке үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың аумақтық қабылдау бөлімінің жұмысы қорытындыланды. Бір айға жуық уақыт аралығында штабтың қоғамдық бөлімшесіне 1500-ден астам адам келіп, өз тілектері мен ұсыныстарын білдірген. Тағы осынша адамнан жазбаша және ауызша өтініш келіп түскен. Олардың ешқайсысы да ескерусіз қалмайды дейді штаб өкілдері.
«Негізгі сұрақтар көбіне әлеуметтік жағдайға байланысты. Қазір онсызда бұл салаға көп көңіл бөлініп жатыр. Дегенмен көмек сұраушылар әлі де баршылық. Екінші мәселе – жалақы жөнінде. Халықтың тағы бір бөлігінің сұрағаны зейнетақы мәселесі төңірегінде болды», – дейді ҚР Президенттігіне үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы қалалық қоғамдық штабының жетекшісі Рахман АЛШАНОВ.