Үміткер ұлттық құндылықтарды 1 сыныптан бастап оқытуды ұсынып отыр
Жезқазған қаласында Қазақстан Президенттігіне кандидат Сәдібек Түгелді қолдауға арналған концерт өтті. Ән, биден шашу шашылып, қалалық филармония әншілері көрерменді өнерімен тәнті етті. Концерт барысында үміткердің сенімді өкілдері жиналған қауымды Сәдібек Түгелдің сайлауалды бағдарламасымен таныстырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазақстан президенттігіне үміткер Сәдібек Түгел талай ғасыр сүзгіден өтіп, бүгінге жеткен ұлттық құндылықтарымызды мектеп бағдарламасына енгізіп, 1 сыныптан бастап оқытуды ұсынып отыр. Жезқазған қаласының тұрғындары бұл оң шешім деп есептейді.
«Ұлттық құндылықтар дегеніміз – кешегі Біржан сал туын тіккен, Ақан сері, Үкілі Ыбырайдан ұрпақтан ұрпаққа мирас болып қала беретін ән өнері, оның ішінде күй, дәстүрлі ән, дүние. Бала мектептен осы ұлттық құндылықтарды мектептен оқыса, жаман болмайды», – деді дәстүрлі әнші Ардақ МҰҚЫШ.
Сәдібек Түгелдің сайлауалды бағдарламасында ұлы дала мәдениетін жаңғыртып, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға басымдық берілген. Жергілікті халық кандидаттың бастамаларымен тереңірек танысты.
«Сәдібек Түгелдің сайлауалды бағарламасындағы тіл мәселесі қоғамдағы ең келелі мәселе болып тұр. Тілі жоқ деген – халқы жоқ деген сөз. Сондықтан жаһандануға жұтылып кетпеу үшін тіл мәселесін бірінші орынға қою – менің көңілімдегі мәселе», – дейді ақын Ақкүлше ИБРАЕВА.