Цемент өндіріп, өңірді ғана емес, көршілес Өзбекстанды да қамтып отырған зауыт жабылуы мүмкін. Қызылорда облысындағы өндіріс тоқтаса, 600 қызметкер жұмыссыз қалады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жұмысын 5 жыл бұрын бастаған Шиелідегі зауыт былтырдың өзі 1 миллион тонна цемент өндірген. Одан бөлек, кәсіпорын мұнай ұңғымаларына пайдаланылатын тампонаж бен сульфатқа төзімді цемент өнімдерін де шығарады. А кәсіпорын қызметін тоқтатса, 600-ге тарта адам жұмыссыз қалады.
– Мында жұмыс істеп жатқандардың әрқайсысы егер зауыт жабылатын болса, бір ауыл жұмыссыз қалады деген сөз ғой. Әр отбасында кем дегенде 3-4 адамнан есептегенде... Біз қайда барамыз? Зауыт жабылса, бала-шағамызды қалай асыраймыз? – деді инженер-технолог Табиғат Әбеков.
– Ауылда тек науқандық жұмыс. Әрі кетсе, 6 ай, әйтпесе 4 ай ғана егінде жұмыс бар. Басқа уақытта бос. Сол 85 адам отбасы асырап отыр. Басқалары ооооу кетті, Ақтау, Көктау, қаңғырып. Зауыт жабылып қалса, мына 85 адамды кім асырайды? – деді Шиелі ауданының тұрғыны Құрманбек Қарекеев.
Зауыттың елдімекенге жақын орналасуы дауға себеп боп отыр. Мұндағы жергілікті жұрт, нақтырақ айтсақ, оншақты отбасы «ауылды шаң-тозаң басты» деп шағымданды. Олардың сөзінше, жауапты органдар бекіткен соңғы шешімге сәйкес, мұндай зауыт адам тұратын аймақтан бір шақырым алыс орналасуы керек.
– Көпшілік экологиялық мәселені айтып жатыр. Бұл жерде жаңа технология қолданылады, электрлі сүзгімен қамтамасыз етілген. Өздеріңіз де көріп тұрсыздар, шаң шығып жатқан жоқ, – деді электроинженер Абзал Алдажұманов.
– Жоғарғы Сот бекіткен шешіммен де келіспейміз. Себебі, мұны әділ деп есептемейміз. Эпидемиологиялық департаменттің оң қорытындысын алдық. 500 метрге қысқарттық. Сол қорытындыны заңсыз деп танып отыр. Эпидемологиялық департаменттің үстінен қарап отырған Астанадағы комитет тұжырымын беріп отыр, – деді заңгер Ғабит Құлмахан.
Қоса кету керек, зауыттың құрылысы 2016 жылы басталған. Ал тұрғын үйлер араға бірнеше жыл салып тұрғызылыпты. Уақыт өте келе өзгерген талап енді осындай дау туғызып отыр. Зауыт басшылығының сөзіне сенсек, шағымданушылар келісімге келу үшін Алматы мен Астанадан үй алып беруді де талап еткен. «Бұл – ақылға қонымсыз ұсыныс» дейді өндіріс өкілдері.
– Мемлекеттік бюджетке 6 млрдтан астам салық төленді. 600 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Әлеуметтік көмек беріп жатырмыз. Халыққа жедел жәрдем көлігін алып бердік, жақында инватакси алдық. Пандемия кезінде балаларға 150-ден астам планшет алдық. Жыл сайын қыста әлеуметтік төмен отбасыларды көмірмен, азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырмыз, – деді зауыт басшысының орынбасары Айбек Әбсеметов.
– Зауыттың жабылуы экономика үшін тиімсіз. Келешекте инвестор тарта алмаймыз. Іс халықаралық сотқа кетіп қалады, – деді Шиелі аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Бақберген Әбсадық.
Аталған зауыттың ендігі тағдыры белгісіз. Тұрғындар «денсаулығымызға кесір тиеді» деп шағым айтуды тоқтатпайды. Ал өндіріс өкілдері іс насырға шапса, халықаралық сотқа арыз жолдайтын жеткізді.
Мадина Оқас, «Алматы» телеарнасы