Алматылық эпидемиологтар мерекелік дастарханда уланып қалмаудың жолын айтты

31.12.2020 23:06

Эпидемиологтар алматылықтарды санитарлық-эпидемиялық талаптарды сақтауға шақырды

Фото: http://cgon.rospotrebnadzor.ru

Жаңа жылда  қазақстандықтар мерекелік дастарханда тамақтану ережелерін бұзғандықтан уланып жатады. Мысалы, 2019 жылы 64 жағдай тіркелген. Алматылық эпидемиологтар асқазан-ішек жолдарының бұзылуына әкелетін алкоголь, кондитерлік тәттілер, майшабақ сынды өнімдер және жаңажылдық дастарханнан қалған майонез қосылған салаттарды 2-3 күн жеу — уланудың негізгі себебі екенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Осыған байланысты Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова жаңажылдық мерекеде уланбаудың жолдарын айтып берді. 

«Мереке кезінде тұрғындар сақталу мерзімі өтіп кеткен, дұрыс дайындалмаған тағамдарды тұтынып, уланып жатады. Салдары қауіпті болғандықтан, тамақтану ережелерін сақтау қажет.  Қолды жиі жуып, ас үйдің тазалығына мән беру керек. Шикі ет, жұмыртқа, балық, таза піспеген көкөністер, теңіз өнімдері сияқты тағамдар дайындалған кезде абай болған жөн. Барлық сатып алған азық-түліктің сапасы мен сақталу мерзімін қарау керек», — деді Ә.Қалықова.

Сонымен қатар,  эпидемиолог сальмонеллез ауруын тудыру мүмкін тағамдарды атап өтті.

«Ет және ірімшік өнімдері, майонез қосылған салаттар, майлы тағамдар, теңіз және кондитерлік өнімдер тез бұзылады.  Олар сальмонеллез сияқты ауыр ауруларды тудыруы мүмкін. Сондықтан аталған тағамдарды тоңызтқышта ғана бір күн сақтау керек», — деді Әсел Қалықова.  

Эпидемиологтар алматылықтарды санитарлық-эпидемиялық талаптарды сақтауға шақырды. Мереке күндері COVID-19-мен күрделі жағдайды ескере отырып, қала тұрғындарына адамдар көп жиналатын орындарға бармауға, әлеуметтік қашықтықты сақтауға және  бетперделерді міндетті түрде тағып жүруге кеңес берді.