«Кәріс болып тусам да, жаным қазақ»: Денис Теннің өмірден өткеніне бір жыл

 «Кәріс болып тусам да, жаным қазақ»: Денис Теннің өмірден өткеніне бір жыл
Денис 2003 жылы алғаш рет халықаралық жарысқа Қазақстанның атынан шыққан болатын
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Осыдан тура бір жыл бұрын 2018 жылдың 19 шілдесінде әлеуметтік желілер мен электрондық БАҚ беттерінде Денис Теннің Алматыда пышақталғаны туралы суыт хабар тарап жатты. Оның аман қалуына қанша тілеулес болғанымызбен, Алматы дәрігерлері кешқұрым спортшының бақилық болғанын хабарлады. Бүгін талантты спортшы қайтыс болған жерге жүздеген адам келіп, Денис Тенді еске алдып,гүл шоқтарын қойды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Денис Тенді еске алуға келгендердің қарасы өте қалың болды. Қаралы шеру бір минуттық үнсіздікпен басталды. Жиналғандардың арасында спортшының әріптестері, достары, танымал адамдар да бар. Тіпті спортшының шетелік жанкүйерлері де келіп, гүл шоқтарын қойды.

«Жандүниеміз құлазып тұр. Қараңғы түнек» – дейді Жапониядан келген жанкүйері.

«Ол Қазақстанның атын шығарды. Қыршын кеткені өте өкінішті», – деді келесі бір жанкүйер көзіне жас алып.

«Денис Тен шығармашылық адам болатын. Мұз айдынында жасаған шоулары көрерменнің көңілінен шықты. Соңынан талай жастарды аталған спорт түріне тартты. Денистің арқасында елімізде мәнерлеп сырғанау спортына деген қызығушылық артқаны өтірік емес. Құйрықты жұлдыздай жарқ етіп, жоқ болған азамат қысқа ғана ғұмырында Қазақстанның атын әлемге танытты», – деді Сидней олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам БАЙРАМУКОВ.

Қысқа ғана ғұмырында артына өшпес із қалдырған Денисті өскелең ұрпақ құрметтейтінін айтады. Тіпті Денистің жасаған бағдарламаларын қайталауға тырысамыз дейді. Өскенде дәл осынндай мәнерлеп сырғанаушы болуды армандайтындар көп.  

«Денис Тен – атақты мәнерлеп сырғанаушы. Ол олимпиадада еліміздің намысын қорғады.  Менің де Денис Тен мен Элизабет Тұрсынбаева сияқты атақты мәнерлеп сырғанаушы болғым келеді», – деді кішкентай Нұрия ҚАМЫСБАЙ.

Денис Теннің алғашқы жаттықтырушысы оның әмбебап болғанын айтады. Мұз айдынына шыққан кезде өнерімен адамды тәнті ететін дейді. Сонымен қатар, Денистің бағдарламаларды жақсы орындауы музыканы түсінуінде. Өйткені, өзі де жаттығу кезінде ән салып жүретінін жеткізді, жаттықтырушысы.  «Денис 2003 жылы алғаш рет халықаралық жарысқа Қазақстанның атынан шығатын болды. Омскте 9 жасар Денисті сол жерде шетелдік мәнерлеп сырғанаушылар байқаған болатын. Денистің денесі өте жұмсақ еді. Кез-келген бағдарламаны ойдағыдай етіп көрсететін. Музыкамен бірге қимылдап, шығарманы әдемі орындайтын. Менің ойымша оның ерекшелігі сол болды», – деді мәнерлеп сырғанаудан алғашқы жаттықтырушысы Айгүл ҚУАНЫШОВА.

Денис Теннің артынан өсіп келе жатқан жас буын оған еліктегендерін айтады. Оның ақылын тыңдап, берген кеңестерінің арқасында біраз белестерді бағындырдық дейді.    

«Денис Тен жас мәнерлеп сырғанаушылардың спортшы ретінде дамуына көп үлес қосты. Шетелдік мамандарды алып келіп, мастер класс өткізетін. Біз үшін ол айтарлықтай тәжірибе болды. Денистің кеңестері менің жарыста жақсы өнер көрсетуіме көп септігін тигізді. Ол адал, ақкөңіл адам болатын. Егер әлемдік жарыстарда жеңіс тұғырынан көрінетін болсам, жеңісімді Дениске арнайтын едім», – деді ҚР Мәнерлеп сырғанаудан жасөспірімдер арасында спорт шебері Всеволод ФИЛЬ.

Денис Тен мәнерлеп сырғанаудың отандық мектебін қалыптастыруға үлес қосты. Оны талантты спортшы ретінде әлемнің көптеген елдері мойындады. Олимпиада жүлдегері «Мен кәріс болып тусам да, жаным қазақ» деді. Сол арқылы нағыз патриот әрі туған елінің жанашыры екенін көрсетті. Қазақ елі даңқты спортшыны ешқашан ұмытпайды.  

Новости партнеров