«Айнұрдың Арманы» телехикаясы 20 бөлімнен тұрады
Ауылдан келген ене мен заманауи келіннің қызықты оқиғаларынан құралған «Айнұрдың Арманы» телехикаясы бүгіннен бастап «Алматы» телеарнасынан көрсетіледі.
Телехикаяның сюжеттік желісі ата-анасын ауылдан қалаға көшіріп әкелген жас жұбайлардың өмірі, ене мен келін тақырыбына арналмақ. Осы тектес басқа сериалдардан ерекшелігі ене мен келін бір-бірімен талас-тартысқа түспейді. Кинотуынды комедия жанрында түсірілгендіктен, отбасындағы қызықты жайттар көрсетіледі.
Телехикаяның бас продюсері Жадыра Сқабыл осы телекартина арқылы қандай жағдай болмасын шаңырақ шайқалмауы керек екенін жеткізгісі келгенін айтады.
«Оқиға жас отбасы баспаналы болып, Арманның ауылдан ата-анасын қасына көшіріп әкелуінен басталады. Ауылдан келген ене өзінің қағидаттарын заманауи келіні Айнұрға сіңіруге тырысады. Біз бұл туынды арқылы ене мен келінді бір-біріне қарсы қоймаймыз, керісінше шаңырақтың шайқалмауы үшін ененің парасаттылығын мен келіннің ақылдылығын көрсеткіміз келді. Ененің қатал талаптарына еркелігімен, қылығымен, жұмсақ мінезімен сыйыса алатынына көрерменді сендіргіміз келді. Келін де енесінің қала өміріне араласуына, оның да кей принциптерін өзгертуіне ықпал етеді. Яғни екі жақта өзара мәмілеге келеді, тіл табысады. Ал оған жету жолын сериал барысында көре аласыздар», – дейді идея авторы.
Ал сериалдағы басты рөлдерді Жұлдызай Дүйсенбиева (енесі), Әбунасыр Серіков (атасы), Аягөз Оразғалиева (келін), Сұлтан Кеңшілік (Айнұрдың жұбайы) сияқты қалың көрерменге танымал актерлар ойнайды.
«Актерлік құрамды таңдауда кастинг болды. Бірақ Жұлдызай Дүйсенбиева әрқашан келін рөлінде ойнағандықтан, оның ене ретінде көргім келді. Ал ата рөлінде бәріңізге танымал Әбунасыр Серіковті ұсындық. Ал келіннің образын сомдайтын қызды табу қиын болды, себебі мен енесін қылығымен, еркелігімен жібіте алатын актриса іздедім. Аягөзді жарнама арқылы таптық. Ал Сұлтан Кеңшілік кәсіби актер, Нұр-Сұлтан қаласындағы музыкалық жас көрермен театрында қызмет етеді. Барлығы кәсіби актер болғандықтан, сериал көрермендердің көңілінен шығады деп ойлаймыз», – деді Ж. Сқабыл.
«Айнұрдың Арманы» телехикаясы 20 бөлімнен тұрады. Ауылдан қалаға келген ененің образын, қалалық келіннің қызықты хикаяларын көремін десеңіз, бүгіннен бастап дүйсенбі мен бейсенбі аралығында күн сайын кешкі 20.45-те «Алматы» телеарнасы қосулы болсын.