Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өз жұмысын бастады

19.07.2019 01:03

Кеңес құрамына 40-тан астам адам енген

m.ru.sputniknews.kz

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысы ашық әрі әділ болады. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы осы жылдың тамыз айында өтеді деп жоспарланған. Басқосуда біраз өзекті мәселе көтерілмек екен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Кеңес халық пікірін ескере отырып, стратегиялық проблемаларды қарайды. Жұртшылық, саяси партиялар және азаматтық қоғам өкілдерімен ашық ақылдасып, мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері бойынша ұсыныстарын назарға алады.

«Көтерілетін мәселе өте көп. Сондықтан Ұлттық кеңес дер кезінде құрылып отыр. Онда біз ұлттың сөзін сөйлеуіміз керек. Кеңс құрамындағы әрқайсымыз өз саламыз бойынша жұмыс топтарына бөлініп, халықпен кездесіп, халықтың сөзін біз билікке жеткіземіз. Содан кейін билік оны шешуі тиіс», – деді қоғам қайраткері Қазыбек ИСА.

«Міндеті – мемлекет пен қоғам арасындағы дәнекерлік. Дәл қазір Қазақ елі үлкен бір өзгерістің алдында тұр. Ол басталып та кетті. Үлкен трансформация жүріп жатыр. Сол өзгерістің негізгі мақсаты дамуды ілгерілету. Алайда жаңарулар қарапайым азаматтардың өмір сапасынан көрінуі тиіс», – деді «Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ атқарушы директоры Рауан КЕНЖЕХАНҰЛЫ.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төрағасы – Қасым-Жомарт Тоқаев,  орынбасары Қырымбек Көшербаев, хатшысы Ерлан Қарин. Жалпы кеңес құрамына  40-тан астам адам енген. Олардың арасында президенттік сайлауға қатысқан кейбір кандидаттар, белгілі қоғам қайраткерлері, заңгерлермен қатар журналистер де бар.