Қала күніне орай Алматыда ерекше флешмоб өтті

14.09.2019 23:07

Оған 3 мыңнан астам студент қатысты

Алматылықтар қала күнін ауқымды түрде тойлап жатыр. Негізі мейрамды атап өту бірнеше күн бұрын басталып кеткен. Алайда басты концерт ертең Тұңғыш президент саябағында мегаполис басшысының қатысуымен өтеді. Айтулы датаны еңбектеген баладан, еңкейген қарттарға дейін құрметтейді. Бүгін таңертең мыңдаған адам жиналып 28 Панфиловшылар паркінде ерекше флешмоб ұйымдастырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Таңғы жаттығу, ауқымды флешмоб. Қала күніне орай 3 мыңнан астам студент  осындай шара ұйымдастырды. Жастар салауатты өмір салтын ұстану арқылы алматылықтарды мейраммен құттықтады. Таза ауадағы 20 минуттық челлендж-жаттығуды басқа жоғарғы оқу орындарының тәлімгерлері де қолдаса дейді бастамашылар.

«Бұл іс шара «Фитнес парк Медеу ауданы» деп аталады. Бұл іс шараны ауданымызда екінші мәрте өткізіп отырмыз. Шараға тек студент жастар емес, ауданымыздың пенсионер қарттарымыз да қатысып отыр. Мұнда аудан тұрғындары да қатысып отыр. Бұл іс шараның маңыздылығы - барлығы спортпен айналысу керек», - деді Алматы қаласы Медеу ауданы әкімінің орынбасары Айдос НҰРЛЫБАЕВ.

«Денсаулық акциясын» қолдауға Медеу ауданының қарттары да келіпті. Егде жастағы ерлер мен әйелдер жаттығуды жастармен бірге жасады. Шара соңында денсаулықты жас қалпында сақтап тұру құпиясымен де қуана бөлісіп жатты.

«Биді өте жақсы көремін. Аяғым ауырса да таңғы сағат 7-ден тұрып келіп қатысып отырмын. Көңілім көтеріліп кетіп бара жатырмын», - дейді зейнеткер Райхан КӨКСАЛОВА.

Флешмоб соңында жиналғандар орталық саябаққа барды. Онда келушілерді концерттік бағдарламалар күтіп тұрған еді. Бүлдіршіндерден құралған топ ән шырқап, бишілер өнерлерін паш етті.

«Қала күніне орай саябақта көптеген гүл шоқтарының көрмесі де ұйымдастырылған. Сонымен қатар, қонақтарға арнап түрлі ойындар мен қызықты шоу қарастырылыпты», - деді бірі.

«Бас киім фестивалінде балалар өздерінің қиялымен осындай дүниелерді жасайды. Шараға қаланың барлық бүлдіршіндері қатыса алады. Мейрам қарсаңында аталған фестивалді жыл сайын өткіземіз. Ата-аналар да осы жерде балаларының мүмкіндігін көріп, шығармашылық қарымын байқай алады. Меніңше жеткіншектің қалыптасуына бұл керемет мүмкіндік», - деді Алматы қаласы оқушылар сарайының бөлім басшысы Зейнеп АРИШЕВА.

Медеу ауданының тұрғындары қала күнін жоғары деңгейде атап өтіп жатыр. Ертең де Тұңғыш президент саябағында болатын концертке қатысамыз дейді.

Өмір Әнуарбек, Жанат Айтенова, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы