Алматыда Түрксіб ауданының тұрғындары ауыз судың сарғайып кеткенін айтып шағымданды

23.04.2019 23:07

Құбырлар шіріп, салдарынан судың да түсі өзгерген

«Краннан ағатын суды ішу мүмкін емес». Түрксіб ауданының тұрғындары әкімге осылай деп шағымданды деп хабарлады Almaty.tv тілшісі.

Писарев көшесі мен Пятилетка көшелерінің тұрғындары «ішетін суымыздың дәмі де түсі де нашар» дейді. Жергілікті халық тот басқан құбырлармен ағып келетін ауыз су денсаулығымызға зиян емес пе деп алаңдап отыр.

- Писарев көшесінде бізде үнемі ауыз сумен проблема болып келеді. Құбырларды жылына 7-8 рет қазады, жөндегендей болады. Өзі шағын ғана аумақ, соны қайта-қайта жөндемей жаңасына бір рет ауыстыруға болмай ма? Құбырлары әбден тот басып, шіріп кеткен. Салдарынан судың дәмі де нашар. Түсі қоңыр боп кеткен.

- Пятилетка көшесінің төмен жағында судың ағысы өте баяу, дәмі де жаман, хлоры көп, - дейді Түркісіб ауданының тұрғындары.

Ал, бұл сауалдарға бейсенбі күні 19:30-да Түрксіб ауданының әкімі Павел Кулагин тікелей эфирде «Әкіммен ашық әңгіме» бағдарламасында жауап береді. Аудан тұрғындары өздерін мазалаған сұрақтарын қазірден бастап «Алматы» арнасының ресми сайтында қалдырып, WhatsApp қосымшасы арқылы жазбаша, аудио және бейне жазба ретінде жібере алады. Сонымен қатар, тікелей эфир кезінде студияға қоңырау шалу арқылы да сауалдарыңызға жауап ала аласыздар.