Тәуелсіздік күні қарсаңында Алматыда психоневрологиялық науқастар мен аутизмі бар балаларға арналған орталық ашылды. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары барысында жаңа Оңалту орталығының жұмысымен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Реконструкциядан кейін бұрынғы Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының ғимаратында психоневрологиялық аурулары бар 18 жастан асқан адамдарға және аутистік спектрі бұзылған балаларға арналған көпбейінді оңалту орталығы ашылды.
Орталықта ерте қолдау, оқыту дағдыларын дамыту, диагностика, қараңғы және жарық сенсорика кабинеттері жұмыс істейді, дефектолог пен логопед кеңес береді.
Бұдан басқа, орталықта тірек-қимыл аппараты бұзылған және психоневрологиялық аурулары бар мүмкіндіктері шектеулі адамдарға арналған бөлімше ұйымдастырылған, онда жалпы қабылданған оңалту бағдарламаларынан басқа эрготерапия (ауруы немесе жарақаттануы салдарынан қозғала алмайтын немесе күнделікті істермен айналыса алмайтын адамдардың белсенділігін қалпына келтіру), механотерапия (арнайы тренажерлардың көмегімен оңалту) және кинезотерапия (емдік дене шынықтыру нұсқаларының бірі) сияқты қолдау бағдарламалары жұмыс істейді.
Сондай-ақ, мұнда Б. Өтемұратов қорының аутизмі бар балаларды қолдау орталығы орналасқан.