Алматыда көше кезген үйсіздер медициналық тексеруден өтіп, жұмыспен қамтылатын болады

23.05.2019 23:09

Былтыр орталықтың 24 тұрғыны зауытқа жұмысқа орналастырылып, 20-дан астамы зейнетке шығарылған

Алматыда үйсіз-күйсіз жүргендерді көшеден ұстап жатыр. Оларды жазалау үшін емес, құжаттарын реттеп, денсаулықтарын қалыпқа келтіруге көмектесу үшін. Полицейлер мен әлеуметтік қызметкерлер қаланы аралап, қаңғыбастарды бейімдеу орталығына жеткізуде, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әмір Болатов ауыр жарақат алған соң көшеде қалдым дейді. Айтуынша, оған қарап, күтіп-баптайтын ешкім болмаған. Көше кезіп жүргеніне 7 жылдан асыпты.

Тағы бір қаңғыбас балалар үйінде өсіп, ол жерден шыққан соң 25 жасқа дейін жасөспірімдер үйінде тұрған, сөйтіп жүріп жамбасын сындырып, жұмыс істеуге мүлдем жарамай қалыпты.

Ал, 71 жастағы Владимир Осинцевтің жұмысқа жарамай қалғанына біраз жыл болған. Әйелі қайтыс болған соң туған қызы да қариядан бас тартыпты. Ол тұрып жатқан баспаналарын сатып, әкесін тастап шетелге кетіп қалған көрінеді.

«Түнде әр жерге ұйықтаймын. Егер қуып шықпаса вокзалда қонамын. Қарауыл көріп, қуып шықса, онда көшеде түнеймін. Қазір қайта күн жылынып, жақсы болып қалды. Әйтпесе, қыстың күні қиын болатын», – дейді Владимир ОСИНЦЕВ.

Тек бүгіннің өзінде 30-дан астам үйсіз-күйсіз жүрген жандар бейімдеу орталығына әкелінді. Оларды алдымен тіркеуге алып, содан соң қажетті медициналық көмек көрсетеді.

«Орталыққа келіп түскендерге алдымен медициникалық тексерістер жүргізіледі. Яғни, рентген жасалып, анализдер алынады және 10 күн бойы олар карантиндік бөлімде болады. Егер қандай да бір жанама әсерлер байқалып, анализдердің нәтижесі дұрыс болмаса, тубдиспансерге, СПИД орталығына немесе ауруханаларға жіберіледі», – дейді Алматы қалалық Әлеуметтік бейімдеу орталығы директорының міндетін атқарушы Болат АЙТМЫРЗАЕВ.

Көшеден келген қаңғыбастар орталықта бір жылға дейін тұрақтай алады. Бұл жерде оларға жайлы төсек пен 4 мезгіл тамақ беріледі. Осы уақыт аралығында мекеме қызметкерлері олардың құжаттарын дұрыстап, мүгедектік үшін жәрдемақы алуға көмектеседі. Ал, кейбірі 1 жыл ішінде тұрақты жұмыс тауып үлгереді.

«Мәселен, былтыр біздің орталықты паналаған 24 адам жақын маңдағы зауытқа жұмысқа тұрды. Ал, тағы 20-дан астам адам зейнетке шығып, Ардагерлер үйіне жіберілді», – дейді Алматы қалалық Әлеуметтік бейімдеу орталығы директорының міндетін атқарушы Болат АЙТМЫРЗАЕВ.

Әлеуметтік бейімдеу орталығы 180 адамға есептелген. Қыстың күні мекеме қаңғыбастарға лық толады. Қазір жаңа заманауи орталықтың жобасы тексерістен өтіп жатыр. Егер ол ашылатын болса, бұл мәселе де шешімін таппақ.

Тоғжан Жалғасбекқызы, Рашит Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы