Келер жылы Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 75 жыл толады. Осыған орай ұйымдастырушылар алдын-ала дайындықты бастап кетіпті. Тіпті, Каспий теңізі жағалауындағы орналасқан мемлекеттердің жас журналистерін шақырып, Ресейдің Астрахань қаласында семинар өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл Астрахань қаласындағы даңқты жауынгерлерге арналған мұражай. Оны жасаушы автор өткен ғасырдың 40-шы жылдарындағы Сталинградтың өмірін жеткізбек болған. Заманауи дыбыс құрылғыларының көмегімен соғыстың алғашқы жылдарындағы тұрғындардың дауысын естуге болады. Мұражайға келушілер сол қилы заманның қиындықтарымен жақынырақ танысып, ерекше әсерге бөленеді дейді ұйымдастырушылар.
«Біз бұл арқылы соғыс өрті тұтанған жылдардың көрінісін бүкпесіз бергіміз келді. Мысалы инженер Колесовтың отбасы соғыс басталған жылдан бастап, аяқталғанша Сталинградта тұрған. Ол «Красный октябрь» трактор заводында қарапайым инженер болып жұмыс істеген. Уайымсыз өмір сүріп жатқанда сұрапыл соғыс басталып кетеді. Біз сол кісінің басындағы көрген қиыншылығын, оған қалай мойымағанын көрсеткіміз келді», - дейді Даңқты жауынгерлер музейі бөлімінің меңгерушісі Светлана БАТАЕВА.
Музей қызметкерлерінің айтуынша, мұнда келушілер соғысқа саяхат жасап қайтады. Тіпті, телефоннан бас алмайтын жастардың өзі тарих парақтарын ақтарып, кітап оқуға құлшыныстары арта бастапты. Тарихшылар қазіргі жастар соғыс туралы материалдарға немқұрайлы қарап, тереңіне үңілмейді дейді.
«Өкінішке орай қазір тарихшылардың сонау жылдардан бері жинап келе жатқан деректерінің жеткізілуі кенжелеп келеді. Неге десеңіз, қазіргі жастардың бәрі ғаламтор желісінде отырады. Сол жерден ақпарат алады. Сондықтан материалдарды жинақтап ғаламторға салсақ, әлі де ақпараттық қолдауды күтіп отырған материалдар жеткілікті. Сондықтанда біз ақпаратты жеткізудің тың тәсілдерін ойластырып жатырмыз», - деді Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің доценті Сергей КОНДРАТЕНКО.
Осындай шараның Астрахань қаласында үйымдастырылуы бекер емес. Себебі, бұл қала бірнеше мемлекетті байланыстырып тұр. Тренингке Каспий аймағынан тарихшылар, блогерлер және журналистер қатысты.
Қуан Нұрақын, Жанат Әйтенова, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы