Nur Otan партиясы Алматы мен Нұр-Сұлтан тұрғындарына атаулы көмек көрсетуге 150 млн теңге бөлді

19.03.2020 23:09

С.Канкуров қала әкімдігінің қолдауымен Nur Otan партиясының Алматы қалалық филиалы «Жаңа Алатау» қорымен бірлесіп, арнайы шоттың ашылғанын хабарлады

Алматы әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Станислав Канкуров COVID-19 індетінің таралуына қарсы іс-қимыл бойынша Nur Otan партиясының қосқан үлесі туралы баяндады, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Қ.-Ж. Тоқаев коронавирустың ғаламдық пандемия ретінде тіркелуіне байланысты елде төтенше жағдай жариялағаны белгілі. Алматы қаласы әкімінің қаулысы бойынша қалада да карантин енгізілді. Қала әкімдігі халықтың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында барлық ресурстарды жұмылдырғанын білеміз», – деген С. Канкуров, Nur Otan партиясының барлық қиындықтар мен сынақтарды халықпен бірге жеңетінін мәлімдеді.

«Елбасы, Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша "Кедергісіз келешек", "Бақытты отбасы" және "Ардагерлерді ардақтайық" партиялық жобалары аясында карантин жарияланған Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы жалғыз басты қарттарға, мүгедектер мен тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға атаулы көмек көрсету үшін 150 млн теңге бағытталды», – деп жалғастырды сөзін С. Канкуров.

«Сонымен қатар партияның Орталық аппараты мен филиалдарының қызметкерлері осы қажеттіліктерге өздерінің бір күндік жалақыларын аудару туралы шешім қабылдады», – деп  жалғастырды сөзін Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары.

С.Канкуров қала әкімдігінің қолдауымен Nur Otan партиясының Алматы қалалық филиалы «Жаңа Алатау» қорымен бірлесіп, арнайы шоттың ашылғанын хабарлады. Бұл шотқа туындаған жағдайға бейжай қарай алмайтын барлы қарапайым азаматтар да қаражат аудара алады. Бұл қаражатқа медициналық бетперделер, антисептикалық құралдар мен бірінші кезекте қажетті тауарлар сатып алынып, оларды партиялықтар мен Jas Otan-ның еріктілері халықтың тұрмысы төмен әлеуметтік тобына, атап айтқанда,  ардагерлер, мүгедектер және аз қамтылған көпбалалы отбасыларға үлестіріліп берілмек.