Елімізде жаңа Салық кодексі әзірленіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Кәсіпкер Наталья Сидоровичтің қалада жекеменшік оқу орталығы бар. Бастауыш сынып оқушыларына мектептен тыс қосымша сабақ берумен айналысады. Қазір мұнда 5 мұғалім жұмыс істейді. Олардың әрқайсысынан зейнетақы мен медициналық сақтандыру секілді міндетті әлеуметтік төлемдер ай сайынғы жалақыларынан алынып отыр. Ал оның мөлшері аз емес. Егер Салық кодексіне өзгерістер енгізіліп, жаңа заң қабылданса, кәсіпкер жұмысшыларына салықты қазіргіден аз төлейді.
«Ай сайынғы төлейтін салық мөлшерін азайтса, біз үшін үлкен көмек болар еді. Себебі менің қазіргі кәсібім шағын. Жұмысшылар да көп емес. Мемлекеттен қолдау болса, мұғалім санын көбейтіп, оқу орталығымды кеңейту де жоспарымда бар», – деді кәсіпкер Наталья Сидорович.
Қазір республика төңірегінде жаңа Салық кодексі әзірленіп жатыр. Арнайы жұмыс тобының құрамында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының ұжымы да бар. Айтуларынша, алдағы жылы қабылданатын жаңа заңның тиімді тұстары көп.
«Енді осы күнге дейін айлық 100 мың теңге болса, оның 36-37 пайызы салыққа кетіп отыр. Жаңа заң қабылданса, тек 20 пайызы ғана, яғни 20 мың теңге салыққа кетеді де, қалған ақша жұмыскерде қалады. Бұл кәсіпкер үшін де, жұмыскер үшін де өте тиімді», – деді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов.
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы ұсынған бағыт жас кәсіпкерлердің жұмысын қолдап қана қоймай, еліміздегі көлеңкелі экономиканың жойылуына да септігін тигізбек. Мәселен, қазір кей кәсіп иелері тапқан табысын жасырып, аз салық төлеп отыр. Жаңа Салық кодексінде мұндайға жол берілмейді.
«Шетелдің Салық кодексі 10 жылдап өзгермейді. Ал біздің елде жылына екі рет Кодекске өзгеріс енгізіліп отыр. Бұл жұмысқа атсалысып, алдағы жылы өзгертпейтіндей бір құжат дайындауымыз керек», – деді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов.
Еліміздегі ірі индустриалды өнеркәсіп орындары мен бизнес иелерінің басым бөлігі Алматыда орналасқан. Сол себепті мегаполис – ел экономикасын дамытуда негізгі локомотив. Қалалық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, қазір мұнда 296 мың жеке кәсіпкер тіркелген. Оның 90 пайызы шағын және орта бизнесті жүргізіп отырса, қалғаны жауапкершілігі шектеулі серіктестерге иесі.
Ұлағат Арғын, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы