Алматының ботаникалық бағы адам танымастай өзгермек (ФОТО)

Алматының ботаникалық бағы адам танымастай өзгермек (ФОТО)
Биыл баққа тағы 1000 түп ағаш отырғызылады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының басты ботаникалық бағында бұрын-соңды болмаған жөндеу жұмыстары басталды деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Биыл жазда баққа үлкен үш қақпа қойылады. Сондай-ақ, өсімдікті суару жүйесі қолға алынып, жұмсақ әрі жайлы жол төселеді. Жобада құрылыс кезінде жасыл желекке ешқандай зиян келтірмеу жағы қарастырылған. Бүгін Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек пен кәсіпкер Болат Өтемұратов ботаникалық бақты аралап, жұмыс барысымен танысты.

17 гектардан астам аумақты алып жатқан Ботаникалық баққа енді үш жерден кіруге болады. Қазіргі таңда бақтың батыс, яғни «Атакент» халықаралық көрме орталығы жағынан кіреберісінің құрылысы басталған. Сондай-ақ, солтүстік және оңтүстік бөліктері де жөндеуден өтіп, бір қабатты жеңіл павильондар салынады. Онда билет кассалары, шай ішетін орындар мен әжетхана болады.

«Барынша табиғи ландшафтты сақтап, оны аз ғана өзгерту керек. Керемет!», – деп таңданысын жасырмады қала әкімі Бауыржан Байбек.

Оған қоса, бақтағы биоалуан өсімдіктерді суару үшін қос артезиандық ұңғыманы бұрғылау жұмыстары аяқталған. Жуық арада ботаникалық бақта Кереңқұлақ өзенінен тоған жасау басталады. Ескі бордюрлар алынып, арық жүйесі толықтай жаңарады. Одан бөлек, жүргіншілер жолы жаңарып, көше шамдары ауыстырылады. Бүгін бақтың ішін аралаған әкім мен меценат жолдың сапасын тексерді.

«Біз баққа биыл күзде 1000-ға жуық ағаш және 10 мың гүл отырғызуды жоспарлап отырмыз. Егер мүмкіндік болса, одан да көп егеміз. Бейнебақылау камераларын орнату да жоспарда бар. Әзірге оның нақты саны қанша болары белгісіз. Дегенмен, бұл вандализммен күресіп, халықтың қауіпсіздігі мақсатында қойылады», – деді «Верный капитал» компаниялар тобының бас директоры Ерлан ОСПАНОВ.

Айта кетейік, жаңарту кезінде ботаникалық бақ жабылмайды. Алматылықтар әдеттегідей жанға сая, тәнге рахат сыйлайтын бақтағы жұпар аңқыған гүлдер мен жасыл желек арасында серуендей алады. Сондай-ақ, ботаникалық бақты жаңарту кезінде көше жиһаздары мен ақпараттық тақтайшалар ауыстырылмақ. Ең бастысы, жобаны жаңарту кезінде мүмкіндігі шектеулі жандарға да аса мән берілген. Оларға ыңғайлы болуы үшін пандус, көзі нашар көретіндерге арнайы белгілер қойылады

Жадыра Омаржан, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров