Әскер құрамына Қазақстан аумағында орналасқан ӘШҚҚ корпусының 37-ші құрамалары мен бөлімдері кірді
1992 жылы 19 маусымда – Қорғаныс министрінің Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерін құру туралы директивасына қол қойылған. Биыл құрылымға 30 жыл толды, деп хабарлайды Almaty.tv Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әскер құрамына Қазақстан аумағында орналасқан ӘШҚҚ корпусының 37-ші құрамалары мен бөлімдері кірді. Атап айтқанда зениттік, зымырандық, радиотехникалық және авиациялық бөлімдер, сондай-ақ әуеайлақтық-техникалық бөлімшелер, байланыс және радиотехникалық қамтамасыз ету батальоны.
Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің қалыптасуының басы-қасында Халық қаһарманы армия генералы Мұхтар Алтынбаев, авиация генерал-майоры Анатолий Васимов, генерал-майор Владимир Бондаренко, генерал-лейтенант Оқас Сапаров, генерал-майор Нұржан Мұқанов және басқада әскерилер тұрды.
1998 жылы Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері Әуе қорғанысы күштері құрамына кірді.
Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерінің алдында әуеден еліміздің әкімшілік-саяси, өнеркәсіптік-экономикалық аудандарын қорғау, әуеде қарсыласпен күрес жүргізу, сондай-ақ орналасу пунктері мен құрлық әскері топтарының маршруттарын, маңызды әскери және басқа да объектілерді авиация мен ұшқышсыз ұшу аппараттарының әуе соққыларынан қорғау міндеттері тұр. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерінің қару-жарағында түрлі биіктіктер мен жылдамдықтағы әуе нысаналарын дер кезінде анықтауға және зақымдауға қабілетті заманауи зениттік зымыран кешендері мен барлау құралдары бар.
2020 жылы әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскері қайта жарақтандыру бағдарламасы бойынша «БУК-М2Э» жаңа зениттік зымыран кешенімен толықты. Бұған дейін еліміздің барлық әуе кеңістігін бақылауда ұстауға мүмкіндік беретін отандық GM-403 «Нұр» және «Роса-РБ» заманауи радиолокациялық станциялары пайдалануға енгізілген болатын. Алдағы уақытта әскерді қазіргі заманғы және жоғары технологиялық қару-жарақ үлгілерімен одан әрі жарақтандыру жоспарланып отыр.
ӘШҚҚ әскері үшін жоғары кәсіби офицерлік кадрларды даярлауды Алматы қаласында орналасқан Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институты жүзеге асырады. ЖОО-да жаттығу кешендері, техникасы және қару-жарағы бар жеке полигон, сондай-ақ барлық қажетті оқу-материалдық база бар.
Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің жеке құрамы елдің әуе кеңістігін үздіксіз бақылауды жүзеге асыра отырып, тәулік бойы жауынгерлік кезекшілікті атқарады.