Әлеуметтік желілерде Талдықорған қаласы әкімдігінің жауапты қызметкерлеріне қатысты даулы бейне тарады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Онда жергілікті билік өкілдерінің карантиндік шектеулерге қарамастан түн ортасында тойлып жүргенін көруге болады. Ол аздай тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің қызметкері араққа сылқия тойған күйінде көлік тізгінін ұстаған. Тіпті, жұбайына қол жұмсап жатқанын да көруге болады. Көп ұзамай оны полиция қызметкерлері ұстап, сарапамадан өтуі үшін учаскеге алып келген. Алайда онда шенеунік «көлікте мен емес, жүргізуші отырды» деп ақталмақ болған.
Түнде түсірілген бейнеге қала әкімінің орынбасары мен тағы бір лауазым иесі түсіп қалған. Жергілікті билік өкілдері олардың Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары мен қалалық құрылыс бөлімінің басшысы екенін растады. Қазіргі таңда тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Қазіргі уақытта аталған оқиға бойынша ішкі қызметтік тергеу жүргізілуде. Тергеу қорытындыларының нәтижелері қосымша хабарланатын болады», – деді Талдықорған қаласы әкімінің кеңесшісі, баспасөз хатшысы Нұр Қанатұлы.