|
14.03.2021 | 18:23
4948

Алматының коммуналдық қызметі көшелерді күндіз-түні тазалап жатыр

Кеше кешке жедел және шұғыл көмек көрсету ауруханасына 38 адам травмотологиялық жарақат алып түскен

Алматының коммуналдық қызметі көшелерді күндіз-түні тазалап жатыр Фото: zakon.kz

Алматыда күн күрт суып, жауған жаңбырдың кесірінен көктайғақ болды. Ал, соңы қарға ұласты. Салдарынан қала ішінде жол көлік апаты жиілеп жүріс қиындап қалды. Ал, кешеден бері қаладағы жедел және шұғыл көмек көрсету ауруханасының кезекшілік бөліміне қырыққа жуық адам түскен. Оның ішінде 13 адам құлап аяғын сындырыпты. Синоптиктер алдағы күндердің ауа-райына қандай болжам жасап отыр? Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын әңгімелейді.

Алматыда кешелі бері күн күрт суып, ауа райы құбылып тұр. Наурыз айының ортасы болса да, табиғат тосын мінезін енді танытып жатқандай. Мұндай шақта коммуналдық қызметкерлердің жұмысы екі еселенді. Жолдар мен тротуарларды күндіз түні тазалап жатыр.

Қаланы қардан тазарту жұмыстары мен көктайғақтың алдын-алу шаралары белсенді жүргізілуде. Бір тәуліктің ішінде 178 арнайы техника көшелер мен тротуарларға 1230 тонна құм мен тұз секілді инертті материалдар сепкен.

«Ауа райының күрт құбылуына байланысты арнайы кезекшілік топ құрдық. Бүгін таңғы сағат 9-дан бастап 1134 адам мен 552 арнайы техника жұмыс істеп жатыр. Жағдай бақылауымызда»,– деді

Қалалық Тұрғын үй саясаты басқармасының бөлім басшысы Александр Сергеев.

Көлік жүргізушілері әсіресе түнде жолда жүру қиындық туғызатынын айтады. Оның үстіне қаланы басқан қалың тұман салдарынан көлік кептелісі орын алды.  

БЛИЦ:

- Енді көп жерде жол-көлік оқиғалары болды, ауа райының қолайсыздығы болғандықтан, ондай жағдайлар тіркеледі.

- Әрине, жолда жүру қиындық туғызады. Жолдың бойы соқтығысқан көліктер кесірінен, біраз уақыт кептелісте тұрдық.

- Білмедім, мен кеше үйде болдым, ұйықтадым.

Кеше кешке жедел және шұғыл көмек көрсету ауруханасына 38 адам травмотологиялық жарақат алып түскен. Оның 13-і көше бойында аяғын сындырған. Көпшілігі үлкен кісілер. Одан бөлек, қала ішінде жол көлік апаттары да аз болмапты.

Синоптиктердің айтуынша, қар аралас жауын-шашын 17 наурызға дейін сақталады деп болжанып отыр. Ал, 18 наурыз күні күн ашылып, ауа температурасы 0-ден жоғары болады деп күтілуде. Бүгін кешке ауа райы -8 градусқа дейін төмендейді.

Ұлағат Арғын, Ғани Қалуов АТ

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир