Алматыда мүгедек жандарға арналған сурдо-онлайн қызметі дамып келеді

Алматыда мүгедек жандарға арналған сурдо-онлайн қызметі дамып келеді
Бүгінде мегаполисте сурдо-онлайн қызметі 50 нүктеде, ал еліміз бойынша 700 әлеуметтік нысанда жұмыс істейді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда мүгедек жандардың өмір сүру сапасын жақсарту және құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі ұлттық жоспар әзірленбек. Ондағы негізгі жеті бағыттың бірі – 2030 жылға дейін кедергісіз орта қалыптастыру. Ал алматылық кейбір кәсіпкерлер кемтар жандарға қолайлы жағдай жасауды қазірден қолға алған. Мегаполисте мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қандай қызметтер бар? Тақырыпты Almaty.tv тілшісі толықтырады.

Туғалы есту қабілетінен айырылған Нухра қоғамдық орындарда өзгелермен қарым-қатынас жасаудың қиынға түсетінін жасырмайды. 42 жастағы келіншек өзіне қажетті анықтама мен ақпаратты алу үшін қасына үнемі адам ертіп жүретін. Ал арнайы онлайн қызметі іске қосылғалы өз шаруамды өзім реттей алатын болдым дейді.

Бүгінде сурдо-онлайн қызметі Алматыда 50 нүктеде, ал еліміз бойынша 700 әлеуметтік нысанда жұмыс істейді. Бұл жоба 24 сағат бойы тікелей режимде операторлармен тегін байланысқа шығуға мүмкіндік береді. Яғни, қосалқы экрандағы сурдоаудармашы оператор мен тұтынушы арасындағы көпір міндетін атқарады.

«Сурдо-онлайн – мүмкіндігі шектеулі және есту қабілеті нашар жандар үшін жасалған қызмет. Біз қазіргі уақыттағы еліміздегі барлық ХҚКО-мен жұмыс істейміз. Сонымен қатар, Алматыдағы емханалар мен әуежайға да орнаттық. Және екі банкпен келісімге қол қойдық. Сонымен қатар дәріханалармен, қаладағы әлеуметтік маңызы бар орындармен келіссөздер жүріп жатыр», – деді «Сурдо-онлайн» қызмет көрсету компаниясының директоры Роман КУНИСОВ.

Нухра Сейтжапбарованың сурдоаударма қызметін тікелей гаджеттен-ақ пайдалана беретін мобильді қосымшасы да бар. Яғни, 3-ші топтағы мүгедек жан дүкенге, дәріханаға немесе ауруханаға барғанда онлайн-аударма көмегіне жүгіне алады.

Ал мына аяқ киім фабрикасында жұмыс істейтін тігіншілердің 26-сы есту қабілетінен айырылғандар. Фабрика басшыларының айтуынша, кемтар жандардың жұмысы ешкімнен кем емес. Қайта олар өз міндетіне өте жауапты дейді. Жалпы, Алматыда өткен жылы мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмыс орындарын ұйымдастыру үшін мемлекеттік бюджеттен 8 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Нәтижесінде, 62 адам жұмыспен қамтылды.

«Мына тігін цехында қанша адам жұмыс істейді соның 10 пайызы мүмкіндігі шектеулі жандар. Оның 7 пайызы құлағы естімейтін, сөйлей алмайтындар. Оның көбісі Жұмыспен қамту орталығынан келіп, бізде жұмыс жасап жатыр. Ол кісілердің толыққанды адамдардан ешқандай айырмашылығы жоқ. Жұмысты жақсы жасайды», – дейді аяқ киім фабрикасының басшысы Айнұр МАЛАЕВА.

Өткен жылы Алматыда жұмыспен қамту орталығына мүмкіндігі шектеулі 1800-дей адам жүгінген. Олардың 245-і тұрақты жұмысқа, ал 1000-ға жуығы адам уақытша жұмысқа орналасқан.

Олеся Руденко мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған физиикалық даму орталығын осыдан бір жарым жыл бұрын ашқан. Екінші қызының денсауығында кінәрат болған ана көптеген қиындыққа тап болады. Ақыры өзі секілді аналар мен балаларға көмектесу мақсатында әлеуметтік жобаны қолға алыпты. 

«Біздің орталықта жалпақтабан, скалеоздан бастап аутизм, Даун синдромы ауруына шалдыққан балаларға дейін емделеді. Мұндағы құралдардың барлығы Еуропадан әкелінген. Орталықтың негізгі міндеті – түрлі патологиясы бар бүдіршіндердің он екі мүшесі сау балалармен бірдей деңгейде болуына жағдай жасау. Әлеуметтік жоба болғандықтан кейбір мүмкіндігі шектеулі және аз қамтылған отбасылардың балаларымен тегін айналысамыз», – деді оңалту орталығының басшысы Олеся РУДЕНКО.

Алматыда әлеуметтік маңызы бар мекемелерден бөлек, кейбір демалып, көңіл-көтеретін орындар да мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жағдай жасаған. Соның бірі- мына мейрамхана алдында орналасқан жеделсатыны айтсақ болады. Бұл лифт арқылы кез-келген арбадағы адам екінші қабатқа оңай көтеріле алады.

Жанат Қазымбетов бұл мейрамханаға бірінші рет келіп тұрған жоқ. Осыған дейін тойханаға арбамен кірудің еш қиындық тудырмайтынын көрген ол бүгін банкет жасау үшін үлкен залды көруге келді. Мерейтойы болатын досы да арбаға таңылған екен.

«Көптеген орындарда мүгедектерге арналған пандустар дұрыс жасалмаған. Түсіп-шығу тіпті, сау адамның өзіне қиын. Ал мына мейрамханадағыдай арнайы жеделсаты біздер үшін өте ыңғайлы», – деді Жанат ҚАЗЫМБЕТОВ.

Жанат соңғы кезде кемтар жандар үшін Алматыда қолайлы орындардың пайда болып жатқанын тілге тиек етті. Бірінші топ мүгедегін тек жұмыс істеп қана қоймай, кедергісіз демалу мүмкіндігі болғаны қуантады.  

Тоғжан Жалғасбекқызы, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров