Қазақ сарбаздарының тағы бір легі бітімгерлік миссиясымен Ливанға аттанбақ. Қазір сарбаздар Алматы іргесіндегі Іле полигонында оқу-жаттығу өткізіп жатыр. Бұған дейінгі алғашқы лекте Ливан Республикасына жүзден аса сарбаз кеткен еді. Қазақ жауынгерлері Таяу Шығыстағы осы елде нақты немен шұғылданып жүр? Миссия нені көздейді? Тақырыпты Almaty.tv тілшісі тарқатады.
Бітімгерлік миссиясына кез келген сарбаз бара алмайды. Жауынгерлерге қойылатын талап өте жоғары. Ливанға барып, Біріккен Ұлттар Ұйымының миссиясын орындауға аттанғысы келетіндер өте көп. Сарбаз ең алдымен, психологиялық тұрғыда өте төзімді болу керек екен. Содан кейін физикалық дайындығына аса мән беріледі. Денсаулығы да жақсы болуы қажет. Сонымен қатар, ағылшын тілін білуі шарт.
Сәуірде Ливанға аттанатын сарбаздар Алматы іргесіндегі Іле полигонында дайындалып жатыр. Жауынгерлердің режимі қатаң сақталады. Қазақ сарбаздарына елдегі білікті офицерлер түрлі қиындықтарға төтеп берудің жолдарын осында үйретіп жатыр. Сақа сарбаздар кез келген жайтқа дайын болу керек. Сабақтардың теориялық бөлімі БҰҰ-ның жалпы ережелері мен құрылымын, Ливандағы бітімгершілік миссияның ерекшеліктерін зерделеуді қамтиды. Ал іс жүзінде, бітімгерлік рота блок-бекеттерде, бақылау-өткізу пункттерінде қызметтің ұйымдастырылу машықтарын жетілдіру мен патрульдеуді жүзеге асырудың жолдарын үйреніп жатыр.
Ливан – қарулы қақтығыстан берекесі қашқан мемлекеттердің бірі. Сол себепті, 1978 жылдан бастап бұл елге Біріккен Ұлттар Ұйымының уақытша күш құрылымдары жіберілді. Уақытша күш деп отырғанымыз, 40-тан астам мемлекеттен келген 10 мыңнан аса бітімгер. Ливан соғыс болып жатқан Сирия мен Израильдің ортасындағы республика. Сондықтан мұндағы тұрғындар толық бейбіт өмір сүріп жатыр деп айтуға келмейді.
«Ливанда осы күні бейбіт өмір сақталып келеді деп айту қиын. Өйткені, біріншіден, Израиль Сирияға әуе арқылы бомбаларын тастайды. Сәйкесінше, ол жарылғыш зат Ливанның дәл төбесінен өтеді. Осының өзі жағдайды қиындатады. Екіншіден, соғыс болып жатқан мемлекеттер қаруды да осы республика арқылы өткізуге тырысады», – деді политолог Сұлтан ӘКІМБЕКОВ.
Сонымен, дәл осындай қақтығыс алаңындағы елде қазақ жауынгерлері немен айналысады? Қазақстанның бітімгерлік ротасына Ливандағы бір елдімекені берілген. Біздің сарбаздар сол жерде бейбітшілікті сақтап тұру керек. Яғни, қауіпсіздігіне жауапты. Ол жерден контрабанда, қару-жарақ тасымалданбауы тиіс. Қысқаша қайырғанда, жергілікті полицияға көмектеседі.
«Біздің сарбаздар Ливан Республикасында өзіміздің базаның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Патрульге шығады. Және тексеру пунктінде қызмет атқарады. Яғни, тексеру пункті көліктермен адамдардың өтуін қадағалайды. Және қауіпті адамдарға сұраныс келсе, соларды жібермей, ұстап қалу міндеттерін атқарады», – деді Қазақстан бітімгершілік полкі командирінің орынбасары Жігер АЙЫПОВ.
Әскерилеріміздің БҰҰ миссиясына қатысуы халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға айтарлықтай үлес. Еліміздің Қорғаныс министрі бітімгершілік рота жабдықталған оқу-материалдық база мен әскери техникамен танысқан болатын. Сонымен қатар, дайындықтарын да көрген еді. Министрдің сөзінше, мұндай бітімгершілік операцияларын «дайындық, оперативті шабуылдарға бой үйрету» деп түсінуіміз керек. Сарбаздар соғысқа тікелей араласпаса да, қаруды қалай пайдаланатынын көріп, түйсініп қайтса, оның өзі мол тәжірибе деді ол.
«Бүгінде қызметтестеріңіз Ливан Республикасында бітімгершілік миссияларын лайықты түрде орындауда. Бұл мемлекеттік маңызды іс. Себебі, әлем қоғамдастығы алдында Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелерді орындауы болып табылады. Бітімгершілік миссияға қатыса отырып, Сіздер халықаралық аренада Қазақстан Республикасының намысын қорғайтыңдарыңызды естен шығармаңыздар. Алған білімдеріңіз бен жауынгерлік машықтарыңыз әртүрлі стандарттық емес жағдайларда блок-бекетке жасалған шабуылға тойтарыс беру кезінде әрекет етуге мүмкіндік береді», – деді ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан ЕРМЕКБАЕВ.
Мұндай жауапты миссияға аттанған сарбаздың жалақысы да жоғары болуы тиіс. Бітімгерлік ротасындағы әр жауынгер 3 есе айлық алады екен. Мәселен, сарбаз Қазақстанда 100 мың теңге көлемінде жалақы алып жүрсе, Ливанда оған 300 мың теңге төленеді. Оның үстіне, Біріккен Ұлттар Ұйымының тарапынан айына 1 400 доллар шамасында қарастырылған. Сонымен қатар, сарбаздарға күніне 2 доллар беріледі. Бітімгерлік полк командирінің орынбасары Жігер Айыпов Қазақстан жауынгерлерін ақша ғана қызықтырмайтынын айтады. Шетелге барып, тәжірибе жинау да сарбаздардың басты мақсаты екен.
«Сарбаздар ол жаққа өз еріктерімен кетіп бара жатыр. Өйткені, әр сарбазды бітімгершілік миссиясына қатысу қызықтырады. Себебі, олар өте жоғары тәжірибе ала алады», – дейді Жігер АЙЫПОВ.
Қазақстан үшін мұндай миссиялар әлемдік аренада өз беделін көтеруге септігін тигізеді дейді сарапшылар. Сонымен қатар, қазақ жауынгерлерінің тәжірибесін арттыруға көмектеседі.
«Қазір біздің әскерилердің Ливанда не істеп жақтанын халық білмейді. Сондықтан менің ұсынысым, ол жаққа журналистерді де жіберу керек. Біздің жауынгерлер, Ливанға соғысқа емес, бітімгерлік миссияны орындауға кеткенін көрсету үшін, пресс-турлар жиі ұйымдастырылу қажет. Бұл менің субъективті ойым. Әрине, мұндай миссиялар Қазақстанның имиджін көтереді», – деді әскери журналист Григорий БЕДЕНКО.
«Қазақстанның халықаралық миссияға қатысуы бекер емес. Бұл біріншіден, жауапкершілік. Екіншіден, бітімгерлік шараға қатысу Қазақстан қарулы күштерінің қауқарын да көрсетеді. Мұндай миссияға көбінесе бейтарап мемлекеттердің жауынгерлері қатысады», – деді политолог Сұлтан ӘКІМБЕКОВ.
Сарбаздар Ливанға сәуір соңында аттанады. Сәйкесінше, бұрын кеткен әріптестері елге қайтады. Десантшылардың іс-сапары алты айға жалғасады.
Бітімгерлік батальонының сарбаздары қақтығысқа тікелей қатыспайды, керісінше, бейбіт келісімнің орындалуын бақылап, Бірікен Ұлттар Ұйымының бітімгершілік саясатын жүргізуге атсалысатын болады. Аты айтып тұрғандай, жауынгерлер жергілікті тұрғындарға жәрдем беру, әскери базаларды қарауылдау сынды бейбіт мақсаттағы тапсырмаларды орындауға жұмылдырылмақ.
Өмір Әнуарбек, «Алматы» телеарнасы