|
25.11.2019 | 18:10
10827

Алматыда коммуналдық қызметке қарыз азаматтардың мүліктері тәркіленуде

Алматы қаласы бойынша 4 мыңнан астам тұтынушының су мен кәріз қызметіне 400 миллион теңгеден астам берешегі бар

Алматыда коммуналдық қызметке қарыз азаматтардың мүліктері тәркіленуде

«Алматы су» мекемесі су және кәріз қызметтеріне қарызы қордаланған борышкерлерге қатысты қолданылатын шараны қатаңдатты. Қалада жеке сот орындаушылары енді жалпы 215 миллион теңгеден астам қарызды осындай жолмен қайтаруды көздеп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазыбектің коммуналдық қызметке қарызы 200 мың теңгені құраған. «Алматы су» мекемесінің қара тізіміне енген тұтынушыға бұған дейін талай ескерту жасалған. Сот орындаушылары берешегін қайтаруға асықпайтын азаматтың көлігін тәркіледі. Енді борышкердің темір тұлпары қарызын өтемегенше айыппұл тұрағында болады.  

Талай уақыттан бері коммуналдық қызметке берешегін өтемей жүрген тағы бір тұтынушы теледидарынан айырылды. Медет Құрмановтың оны қайтарып алуына мүмкіндігі бар. Алайда ол үшін алдымен 100 мың теңгеден астам қарызды қайтару керек.

«Алматы су» мекемесі бұған дейін берешегі белден асқандарға ескерту беріп, коммуналдық қызметтен ажыратумен шектеліп келген. Енді жағдай мүлдем басқаша болмақ. Жазаның қатаңдатылуына жауапсыз тұтынушылардың өздері кінәлі, дейді мамандар. Себебі, уақытында ақшасын төлемейтін тұтынушылардың қатары әлі де азаймай отыр.

«Қазір біз жеке сот орындаушыларымен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Ай сайын осылай рейдтер жүргізіп тұрамыз. Қазіргі кезде біз Бостандық ауданындамыз. Осы аудан бойынша рейд жұмысын жүргізіп жатырмыз», - деді «Алматы Су» МКК ресми өкілі Ақбота ЖЫЛЫСОВА.

Алматы қаласы бойынша 4 мыңнан астам тұтынушының су мен кәріз қызметіне 400 миллион теңгеден астам берешегі бар. Осы уақытқа дейін 215 миллион теңгеден астам қарыз жеке сот орындаушыларына мәжбүрлеп орындауға берілген.

Перизат Көмекбайқызы, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир