Үйін су шайып кеткен тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету тетіктері бекітілді. Үкімет екі нұсқаны ұсынып отыр. Көпқабатты үйден пәтер алып береді немесе тұрғын жай жаңадан тұрғызылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Үкімет отырысында алғаш болып сөз алған Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов елдегі 6 өңірде қауіп сейілгенін айтты. Абай, Павлодар, Қарағанды, Ұлытау, Ақмола және Қостанай облыстарындағы өзендерде су деңгейі біртіндеп төмендеген. Ведомство өкілінің айтуынша, қазір 5 мыңнан астам тұрғын үй, 16 мыңнан көп саяжай және 91 ғимарат су астында қалып отыр.
– Облыста жергілікті ауқымдағы 41 төтенше жағдай жарияланды. Абай және Павлодар облыстарының 3 ауданында төтенше жағдай режимі алынды. Зардап шеккен елдімекендерге су жеткізу, энергиямен жабдықтау және көлік қатынасын қалпына келтіру мәселелері министрліктің үйлестіруімен жедел шешімін таппақ, – деді ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов.
Ал Құрылыс министрі тасқыннан бүлінген үйге бөлінетін 22 миллион теңгенің қолға берілмейтінін жеткізді. Бұл қаржыға баспана қайта тұрғызылады немесе әкімдіктер екінші нарықтан пәтер алып береді. Осы екі таңдаудың бірін пайдалануға болады. Ал жартылай бүлінген үйлерді жөндеуге бөлінетін ақша тұрғындардың қолына берілуі мүмкін.
– Әкімдік немесе құрылыс компаниясы жөндеу жұмысын жасайды. Қолына қаражат береміз. Ал баспананы қайта салу керек болса, қолына қаражат берілмейді, – деді ҚР Құрылыс және өнеркәсіп министрі Қанат Шарлапаев.
Қанат Шарлапаевтың сөзінше, тасқын кезінде саяжай учаскесіндегі үйінен айырылғандарға да баспана беріледі. Ол жалғыз мүлкі болуы керек. Қалада пәтері болып, саяжайға жазда барып, демалуға пайдаланатындарға көмек берілмейді. Ал су шайған үйлердің орнына салынатын баспаналар Су ресурстары министрлігімен келісіліп, қауіпсіз жерге тұрғызылады. Бүгін 1 мамырдан басталатын «Наурыз» бағдарламасының шарттары да белгілі болды.
– «Наурыз» бағдарламасы 1 мамырдан басталады. Өтініш «Баспана маркетте» 2 ай бойы қабылданады. Бұл жерде ең тиімдісі – 30 сәуірде депозит ашып, оған 1 миллион теңге салып, бағдарламаға өтініш бере аласыз. Сондай-ақ соңғы 5 жылда атыңызда үй болмауы керек. Әлеуметтік осал топтар үшін жылдық ставка 7 пайыз, ал қалғандары үшін 9 пайыз болады. Алғашқы жарна міндетті түрде алынатын қарыз сомасының 20 проценті екенін де еске салайын. Ипотека 19 жылға рәсімделеді, – деді «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов.
«Наурыз» бағдарламасымен Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан тек жаңа үйлерді алуға болады. Қалған өңірлерде екінші нарықтағы пәтерлерді қарастыруға мүмкіндік бар. Бұл ипотекалық бағдарлама арқылы жылына 12 мың адамға 300 миллиард теңге қарыз беру көзделіп отыр.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астанадан
Оқи отырыңыз: Олжас Бектенов су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға өтемақы төлеуді тапсырды