Бұдан кейін той өткізгендермен қатар тойға барғандар да айыппұл төлейді

13.07.2020 23:11

Құқық қорғау органдарының өкілдері санитарлық қызмет мамандарын оқиға орнына шақырады

ашық дереккөз

Карантин талаптарын бұзғаны үшін той ұйымдастырушылар мен оған қатысуышларға да айыппұл салынады. Бұл туралы Sputnik Қазақстанға Денсаулық сақтау министрлігінің тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитетінен хабарлады.

«Енді тойхана иелерінен бөлек тойды ұйымдастырушылар да, яғни ақша төлегендер де жазаланады», – делінген ведомство хабарламасында.

Ал хаттаманы Ішкі істер министрлігі мен санитарлық қызмет өкілдері бірлесіп толтырады.

«Құқық қорғау органдарының өкілдері санитарлық қызмет мамандарын оқиға орнына шақырады. Біздің мамандар да хаттама толтырады. Яғни, тойдың қатысушылары мен ұйымдастырушыларына Әкімшілік кодекстің 425-бабы "Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздігі саласы мен гигиеналық талаптарға қатысты заңнама талаптарын бұзу" бойынша хаттама толтырылады. Ал аталған бап бойынша ең төменгі айыппұл 84 мың теңгеге жуықтайды», – деп атап көрсетілген хабарламада.

Бұған дейін Премьер-министр орынбасары Ералы Тоғжанов карантин режимін және санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзғаны үшін жеке және заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескерткен болатын.

Жеке тұлғаларға 30 АЕК – 83,340 теңге (1 айлық есептік көрсеткіш – 2 778 теңге), ал кәсіпкерлік субъектілері үшін – 230 АЕК (638 940 теңге) және одан жоғары сомада айыппұл салу қарастырылған.