Алматыда үйлері өртеніп кеткен отбасына жаңа пәтер берілді

14.08.2019 23:12

Жетісу ауданының әкімдігі Альмираның жолдасын жұмысқа орналастыруға көмектеспек

Күзеубаевтардың үйі өртеніп кеткен соң олар бір апта далада тұрып келген. Мүлік пен құжаттары жанып, пәтер жалдауға да шамалары келмеген жанұяның бүгін айы оңынан туды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қара күйе болған бөлме мен опырылған төбе – 13 жыл бойы көпбалалы отбасы жалға алып келген үйдің қазіргі көрінісі осы. Осыдан бір жұма бұрын болған оқыс оқиғаны Альмира Күзеубаева қорқынышпен еске алады. Балаларын ұйықтатпақ болған ол ыстың иісінен шошып ояныпты. Сол кезде үй әп-сетте қызыл жалынға оранған. Абырой болғанда ешкім зардап шекпеген.

«Жолдасымның айқайынан ояндым. Оттан қалай аттып шыққанымды, екі баламды құшақтап алып шыққанымды білмеймін. Сосын жолдасым жүгіріп барып қалған құжаттарды алып шықты. Мен далаға шыққан кезде не болып жатқанын түсінбедім. Есіктің алдының бәрі жанып жатты», – деді көпбалалы ана Альмира КҮЗЕУБАЕВА.

Қызыл жалынды ауыздықтауға көршілер мен төтеншеліктер көмектескен. Өрттің шығу себебі электрсымының тұйықталуы. Тілсіз жау отбасының тірнектеп жинағандарын әп-сәтте күл қылған.

«Бәрі өртеніп кетті. Балалардың қысқы, жазғы киімдері, аяқ киімдері, оқу құралдары бәрі сол жерде болған. Түгел өртеніп кетті», – дейді Альмира КҮЗЕУБАЕВА.

Отағасы жұмыссыз қалған соң, отбасының тұрмысы төмендеген. Барар жерлері болмаған олар, шатырдың астында түнеуге тура келді деп еске алады. Бірақ, көмек қолын Жетісу ауданының әкімдігі созды. Олар демеушілерді тауып, Күзеубаевтарға жаңа пәтердің кілтін табыстады. Бүгін көптен күткен қоныс тойы тойланды.  

«Көпбалалы отбасыға көмек көрсету үшін тез арада қаржы тауып, осы пәтерді сатып алдық. Бүгін кілтін табыстап, үйдің құжаттарын қолына бердік. Барлық алматылықтарды мұқтаж азаматтарға қол ұшын созуға шақырамын», – деді Алматы қалалық мәслихатының депутаты Асхат ШІЛІКБАЕВ.

«Өте қуаныштымын, сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Қуанышымда шек жоқ. Көмектесіп жатқан адамдардың барлығына рахмет айтамын», – деді  көпбалалы ана Альмира КҮЗЕУБАЕВА.

Жетісу ауданының әкімдігі Альмираның жолдасын жұмысқа орналастыруға көмектеспек. Жәрдемақы алу үшін де тіркеу мәселесін шешіп береміз деп уәде етті.

Азамат Әуезхан, Алтыншаш Смагулова, Арсен Сандыбаев «Алматы» телеарнасы