Алматыда соғыс жылдарындағы әндер шырқалды

09.05.2023 23:12

Эстрада жұлдыздары өнер көрсетті

Almaty.tv

Алматыда Жеңіс күніне арналған мерекелік концертте соғыс жылдарындағы әндер шырқалды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жеңіс күнін тойлау жыл сайын қалада 28 гвардиялық-панфиловшылар саябағында өтті. Биыл да әдеттен танбай, қала тұрғындары мен қонақтары іс-шараға жиналды. Мерекелік концертте эстрада жұлдыздары өнер көрсетті. Олар майдан жылдарындағы және соғыстан кейінгі әндерді орындады.

– Мәншүк Мәметова, Әлия, Хиуаз, Талғат Бигельдинов, Қасым Қайсенов, Бауыржан Момышұлы сияқты аталарымыз, қаһарман батырларымыздың есімі әрқашан да ұлықталуы керек. Өскелең ұрпақтың да жадында сақталуы керек. Өйткені жеңіс оңай келген жоқ, – деді Алматы облысының тұрғыны Бағдат Шойбасов.

Саябаққа келгендер сұм жылдарда Отан үшін кеудесін оққа тосқан қаһармандардың рухына тағзым етті, соғыс ардагерлерін еске алды.

– Бүгін біз осы саябаққа келіп, атамыздың портретін қолымызға ұстап, еске алдық. Атамыз жеңіс туын көрмеді, – деді қала тұрғыны Сәлима Ботаева.

– Заманымыз тыныш, Президентіміз аман болсын. Тыныштық болсын», – деді қала тұрғыны Сәлима Бакеева.

Іс-шарада заманауи қазақстандық әскери техника мен қару-жарақ көрмесі ұйымдастырылды. Тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін саябақтың кіші сахнасында да концерт өтті.

Гүлмарал Изатқызы, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы