Ақсақал оқиға орнында тіл тартпай кеткен
Ақмола облысының Атбасар қаласында көмір базасындағы қарияның өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметіше, қыркүйектің 22-де Атбасар аудандық ПБ кезекшілік бөліміне жергілікті ЖШС директоры хабарласып, теміржол тұйығында көмір көтергіш техниканың жүргізушісі абайсызда қарияны басып кеткенін айтты.
«Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері анықтағандай, сағат 15:30 шамасында Атбасар қаласының 77 жастағы тұрғыны ЖШС аумағына көмір алуға барған. «Зил» көлігіне көмір артқан «ZL 50» көтергішінің 37 жастағы жүргізушісі артқа шегінген кезде қарияны абайсызда басып кетеді. Қария оқиға орнында тіл қатпастан көз жұмды. Осы оқиғаға байланысты ҚР ҚК 345 бабының 3 бөлігі бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», - дейді ведомствоның баспасөз қызметіндегілер.