Қазақстан аумағынан өтетін 20-дан астам жолаушылар пойызы қозғалысы уақытша тоқтатылды

18.03.2020 23:13

Қазақстандықтар пойыз билетін жаппай өткізіп жатыр

today.kz

Қазақстан аумағынан өтетін 20-дан астам жолаушылар пойызы қозғалысы уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Транзиттік және халықаралық пойыздар бойынша Қазақстан аумағына кіретін, сондай-ақ транзитпен өтетін пойыздардың жүрісін шектеу туралы шешім қабылданды. Оның ішінде Өзбекстан Республикасы – 13 бағыт, Қырғыз Республикасы – 3 бағыт, Тәжік Республикасы – 3 бағыт, Беларусь Республикасы – 1 бағыт бар. Коронавирусқа байланысты елімізде бірқатар теміржол қозғалысының кестесі өзгерді. Қазақстан территориясына кіретін кей транзиттегі пойыздардың бағыты тоқтады. Олар – Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан және Белорусь елдерімен қатынайтын пойыздар. 16 наурыздан бастап елімізде төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты отандастарымыздың мемлекеттік шекара арқылы шығуы шектелді және шетелдік азаматтардың мемлекетаралық қатынастағы жолаушылар пойыздарымен келуіне тыйым салынды.

«Ағымдағы жылдың 16 наурызынан бастап теміржол көлігімен жүруге шектеу қойылды. Бұл жағдайды Қазақстан темір жол компаниясы өзінің 9 мемлекетаралық поезды, көршілес темір жол әкімшіліктері өзінің 23 пойызын тоқтатты. Қазақстан шекарасы шегінде 7 пойыз бойынша жүру бағытын қысқарттық. Толық ақпаратты сайттан көруге болады. Бұл ретте компания мемлекет аралық қатынасты Қазақстаннан тыс бұрын рәсімделген билеттер бойынша жол жүру құнын толық көлемде қайтару туралы шешім қабылдады», – деді Теміржол жолаушылар тасымалы маркетинг және сату департаментінің директоры Алмас АЙТБАЕВ.

Бұл жағдайға байланысты қазақстандықтар пойыз билетін жаппай өткізіп жатыр. Елде уақытша төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты «Қазақстан темір жолы» жолаушылар билетінің ақшасын толықтай қайтармақ. Бұл ретте билеттер кассалары қосымша қолма-қол ақшамен қамтамасыз етіліпті. Жауаптылар халықтан билетті қайтару процесіне түсіністікпен және шыдамдылықпен қарауды сұраймыз дейді.

«Мемлекетаралық пойыздардың қысқаруына байланысты біздің кассаларға билеттерді қайтару бойынша ерекше жоғары  жүктеме түсті. Осы жағдайға баййланысты билеттер кассалары қосымша қолма-қол ақшамен қамтамасыз етілген. Сол немесе өзге де кассаларда қолма-қол ақшалардың жеткілікті саны болмаған жағдайды қоспағанда, жолаушыға дереу қаражат қайтарылады. Мұндай жағдайда билет жойылады. Жолаушы келесі күні өз қаражатын қайтара алады», – деді Теміржол жолаушылар тасымалы маркетинг және сату департаментінің директоры Алмас АЙТБАЕВ.